Шымкент қаласының әкімі нәзікжандыларға тосын сый жасады

690

Көктемнің алғашқы мерекесін шымкенттіктер кең ауқымда атап өтті. Түркістан сарайындағы мерекелік концерт қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың құттықтауымен басталды.

Түрлі салада тер төгіп жүрген арулар мерекелік шарада бас қосты. Бұл жылы әр саланың үздіктерін марапаттаумен емес, демографиямыздың дамуына дүркірете үлес қосып жүрген алтын құрсақты аналарды марапаттаумен бастау алды.
Қала әкімі салтанатты іс-шарада қаланың барлық әйелдер қауымын көктемнің алғашқы мерекесiмен құттықтап, 20 көпбалалы анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.

«Ұрпақ өсіріп, ұлт тәрбиелеуде аналардың алар орны айрықша. Еліміздегі әрбір бесінші сәбидің Оңтүстікте өмірге келетінін ескерсек, ақ жаулықты аналарымыздың демографиялық дамуға қосып келе жатқан үлесін мақтанышпен айтамыз. Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында барлығымыз бас иемiз. Асыл аруларымыз отбасы берекесімен бірге, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің 60 пайызын нәзік жандар құрайды», – деді қала әкімі.

Бүгінде үшінші миллионер қаламызда 31 мыңнан астам көпбалалы аналар мекен етеді. Оның ішінде, 2 220 ана «Алтын алқа» иегері болса, 6056 «Күміс алқа» иегері, 511 Батыр ана, 700-ден аса 1 –ші және 2-ші дәрежелі орденмен марпатталған көпбалалы аналар.

Қаламыздың дамуы үшін, қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген асыл жандардың мерейі асқан күн болды. Алтын құрсақты, еңбеккер аналар расында қандай мақтауыңызға да лайық.

Мерекелік шара бұрынғылардан өзгерек өтті. Тек ән шырқап, би билеп қана емес, бұл кеште түрлі байқауларда топ жарып жүрген жергілікті дизайнерлердің сән топтамаларының көрсетілімі өтті. Сұлулыққа іңкәр, әсемдікке жаны құмар жандардың барлығының да көркем кестеленген киімдер көңілінен шықты.

Мерекелiк кеш «Музарт» тобының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Қала әкімі биыл шымкенттік қыз-келіншектерге осылайша тосын сый жасады.

Гүлжан Көшерова