Шымкентте «БҰҰ моделі-2019» халықаралық конференциясы басталды

75

Жас буынның пікірі қай салада да маңызды. Бүгін Жастар ресурстық орталығы мен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен «БҰҰ моделі-2019» халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады. Жастар жылына орай ұйымдастырылған басқосуға алыс-жақын шетелдерден делегаттар келді.

Күні бүгін шымқалада шымылдығын түрген халықаралық конференцияға жергілікті жастардан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейден арнайы келген делегаттар келіп қатысты. Бас-аяғы 300-ден аса қатысушы әлем жұртшылығын алаңдатып отырған терроризм, экология, су қоры, еңбек даулары сияқты мәселелерді талқы таразысына салады. Мақсат — өскелең ұрпақтың әлемдік деңгейде ойлауына сеп болып, таным-тағлымы ғаламдық мәселелерге ой қосуға мүмкіндік беретін жастар идеяларына жол ашу екен.

Мәден Қуаныш, НЗМ оқушысы: «Конференцияда 7 комитет жұмыс істейтін болады. Қауіпсіздік, экология сияқты әрқайсысының өз тақырыбы бар. Біздің мақсат әлемде болып жатқан мәселелерді Қазақстанда болдырмаудың жолын қарастыру. Шымкент жастарын осыған үн қатуға шақыру біздің мақсат».
Жас буынның қызу талқысына түскен тақырыптың бірі — еңбең даулары, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы қатынастар болды. Мамандар бұл мәселені реттеудің бір тетігі еңбек шартын түзу дейді.

Өкінішке қарай, жұмыс берушілер мен еңбеккерлер тарапынан көп жағдайлар ескеріле бермейтін құжаттың болмауы айналып келгенде жалақы қарызының артып, өндірістік жарақат алу сияқты келеңсіз жағдайларының жиілеуіне әкеп соғады дейді кәсіподақ өкілдері. Салаға жауаптылар сөзіне қарағанда ұжымдық шарттың жасалуы да қоғамда еңбек қатынастарына қатысты көп қайшылықты жояды.

Берік Бекжанов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы: «Ұжымдық шарт пен еңбек шарты жұмысшыға да, жұмыс берушіге де тиімді. Бұл көптеген қайшылықтардың алдын алады. Өкінішке орай, мұны көп жағдайда ескере бермейді. Ал шараға келер болсақ, конференция ғаламдық мәселелерге жастар көзқарасын қалыптастыруға бағыттайды. Біз жас буыннан жаңаша идеялар күтеміз».

Конференция үш күнге созылады. Осы уақыт аралығында қатысушылар 7 бағыт бойынша түрлі ғаламдық пробеламаларға үн қатады. Халықаралық конфренция соңында ұсынылған тың идеялар мен озық жобалар сүзгіден өтіп, оларды тәжірибе енгізу қарастырылады.

Мақпал Рысбаева