Шымкентте 350 орындық жатақхана пайдалануға берілді

323

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жаңа жатақхананы салтанатты түрде ашты. Қалабасы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Аталмыш университет қаламыздағы беделді оқу орны болғандықтан және де шетелдік студенттердің көптеп келуіне байланысты жатақханалардың санын көбейту қажеттігі туындады. Жалпы мұнда 5 мыңнан астам студент білім алады.

Бүгін жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Заманауи жобамен салынған ғимарат 350 орынға арналған. Жатақхана барлық заманауи стандарттар бойынша салынып, студенттер үшін қажетті барлық құралдармен жабдықталған. Қазір қаланың 48 оқу орындарында 123 мыңнан астам студент оқиды. Жоғарғы оқу орындарында 39 жатақханада 7,6 мыңға жуық студент тұрады.

8000 студентке жатақхана қажет. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін таппақ. «Тұран» шағынауданында жатақхананың құрылысы басталмақ. «Шымкент» ӘКК қаражаты есебінен 5 мың орындық жатақхана салу үшін 8 гектар жер бөлінді. Бұдан басқа, «Қаржы орталығы» АҚ-мен келісім негізінде жеке құрылыс салушылар есебінен 200 және 350 орындық жатақхана құрылысы басталды. Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық академиясы 450 орындық жатақхана ретінде қолданыстағы ғимаратты қайта құруды жоспарлап отыр.