Миллион тұрғыны бар Шымкентте тұрғын үй құрылысы қарқын алса да, баспана кезегі жылжымайды. Есесіне артып жатыр дейді мамандар. Қазір кезекке тұрғандардың саны 37 628-ге жеткен. Ең сорақысы, кезегі келгендерді табу да мәселеге айналыпты. Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте сала мамандары мәлімдеді. Сондай-ақ, жастарды тұрғын үймен қамту қашан шешілетіне де айтылды.

Жастарды баспанамен қамту үшін 153 үйді самұрық қазынадан сатып аламыз…
Жастар жылында табысы бар жастар ғана баспаналы болуы мүмкін. Бұл туралы қалалық тұрғын үй инспекциясы басқармасындағылар мәлімдеді. Сөздеріне сенсек, баспанаға аса мұқтаж 1753 жас бар. Олар жетім, яғни ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар.

Жауаптылардың мәліметінше биыл 15 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тағы 132 көпқабатты үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Олардың 75-і бюджет есебінен, 49-ы жеке құрылыс жүргізушісі және 8 мемлекеттік жеке серіктестік бағыты бойынша салынуда. Мамандар 77 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп тағы сендірді. Яғни, баспанаға мұқтаждардың кезегі жылжып, алды пәтерлі болатын күн жақын. Оны жергілікті басылымнан қадағалап отыруға мүмкіндік бар.

Мәлік Әбдінұров, қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары: «Тұрғын үйге кезекке тұрғандардың тізімі «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінде сәуір айында жарияланатын болады».

Брифингте кезегі келіп, бірақ өзі табылмай жатқан шымкенттіктер туралы да мәселе көтерілді. Олардың үлесі 10-15 пайыз. Сала мамандары құжаттарын әр жыл сайын жаңаламаған азаматтарды шақырады.
Қаладағы Т. Айбергенов көшесі мен Республика даңғылы қиылысында орналасқан 9 қабатты ғимаратқа келіп, құжаттарын құнттауды сұранады. Айта өтейік, үшінші мегаполисте 37 628 азамат баспана кезегінде тұр.

Шынар Оразова