6 баланы қағып кеткен жүргізушіге қатысты тың деректер пайда болды

266

Техникалық ақауы бар көлік иесі топ баланы қағып кетті. Көлікті басқарған әйел спорт мектебінің дәрігері. Оқыс оқиға жәбір көрген балалардың туыстарының көз алдында болған. Әп дегенде орнатылған камера осы кезде істемей қалған.

Мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің дәрігері 6 жасөспірімді қағып кетті. Оқиға Мұз Сарайының авто тұрағында болған. Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде 6 жасөспірім ауруханаға жеткізілген. Оның екеуі жан сақтау бөліміне жатқызылады. Қалған 4 бала жеңіл жарақат алып, үйлеріне қайтарылған.

Тимур Бегманов, дәрігер: «Кеше түстен кейін біздің бөлімшеге екі жасөспірім жеткізілді. Бірі 6-да, екіншісі 11 жаста. Жол-көлік оқиғасының салдарынан алған дене жарақаттарымен дереу жансақтау бөліміне жатқызылды. Компьютерлік томография жасаған соң диагнозы анықталды. Дәл бүгін жағдайлары қанағаттандырарлық, палатаға шығаруға дайындап жатырмыз».

Оқиға басына келген тәртіп сақышлары «Опель» автокөлігін басқарған азаматшадан түсініктеме алып, оның көлігін уақытша айыптұраққа қойды. Орта жастан асқан әйел кісі көлік тізгініне кеше отырған жүргізуші емес. Мұны мектеп директоры мәлім етті. Жүргізуші көліктің механикалық қорабын бірге салынған күйі кілтті бұрап жіберген. Жұлқыған күйі темір тұлпар алдында тұрған спортшыларды қағады.

Бақытжан Зиябеков, Шымкент қаласының №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры: «Бұрын қол тежегішіне қойып жүрген екен. Кейін артқы колоткасының манжеті жыртылып кеткен де жқндеген шебері тоқтаған кезде жылдамдық асырғышқа қоя салыңыз, тежегіштің қажеті қанша деген екен».

«Мектеп қабырғасына орнатылған бейне камералардың біразы істен шыққан» дейді мектеп басшысы. Болған оқиға бойынша бірнеше сараптама тағайындалған.

6 жасөспірім баланы қағып кеткен оқиға бойынша қазір ҚР ҚК-нің 345 бабы, 2 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Оқиғаға себепкер болған жүргізуші балаларға жұмсалатын қажетті шығындарды өтеп беремін деп отыр дейді мектеп басшысы. Жазатайым жағдайға тап болған балқайлар әлі 10 күндей ем алатын болады.

Ернар Балабеков