Төле би ауданындағы 67 мектепте соңғы қоңырау соғылды. Ауданда 25 907-нан астам оқушы жазғы демалысқа кетсе, соның 1224-і алтын ұя – мектебімен қоштасты. Салтанатты шарада білім ошағына тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан түлектерге   ата-аналар мен ұстаздар ақ жол тіледі.

Төле би аудандағы №7 мектептен биыл 37 түлек үлкен өмірге қанат қақты. Солардың бірі – Айдана Шырынбек. Жас түлек – үздік аттестаттан үміткер. Мақсаты – мектептен алған білімдерін шыңдап, болашақта IT саласының маманы болу. Ол үшін Астана, Алматы қалаларының іргелі оқу орындарын таңдап та қойыпты. 

Айдана Шырынбек, жас түлек: « Бүгін өте қобалжулымыз. Осы мектеп ашылғалы бері осы жерде оқып жүргендіктен бе, қимастық сезімі бар. Ендігі ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтағым келеді».

7 мектеп жаңа оқу жылынан бастап IT бағытында білім беретін болады. Бұл ғана емес, аудан басшысы басқа да білім беру нысандарын цифравизациялауды көздеп отыр. Қазірдің өзінде мұғалімдер бағалауды және оқушылар туралы мәліметтерді орталықтандырылған сандық жүйеде енгізеді. Тағы бір жаңалық, биылғы жылы ауданға қарасты алыс-жақын елдімекендерде жаңа мектептер пайдалануға беріледі. 


Роза Аманова, Төле би аудандық білім бөлімінің басшысы:
«Былтырғы жылы ауданда 5 мектеп жаңа құрылыс берілген болса, 25-нен кейін 3 мектептің құрылыс басталғалы отыр. 2 мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі деп жоспарлап отырмыз».


Түлектер үшін басты сынақ маусым айында өтетін – Ұлттық біріңғай тестілеу. Аталған мектепте биылғы сынға бітірушілердің барлығы дерлік қатысады. Соның ішінде 3 түлек үздік екенін дәлелдеуі тиіс. 

Айта кету керек, биыл Төлеби ауданындағы 67 білім ұясынан 1224 оқушы түлеп ұшқалы отыр. Соның 831-і ҰБТ-ға қатасуға өтініш білдірген. Сонымен қатар, ауданнан 53 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, 47 түлек үздік аттестатқа лайық.

Айя Мүтәлі