Шымкент қалалық қуыршақ және жас өспірімдер театры 35 жылдық тарихында алғаш рет драма сахналады. Осы кезге дейін сахна сыртында қуыршақтарға жан бітіріп жүрген әртістер өз келбетімен көрермен алдына шықты. Премьера ретінде шығыс халықтары арасында кең таралған «Ләйлі-Мәжнүн» шығармасы таңдалған. Махаббат құндылығы мен жан тазалығы және адамгершілік дәріптелген қойылымды тамашалағандар көп болды.

Қуыршақ және жасөспірімдер тетарының сахнасындағы біз көрген Ләйлі-Мәжнүн шығыстың шайыры Низамидың нұсқасымен сахналанды. Сондықтан болса керек қойылымның өн-бойынан шығыс үлгісіне тән нәзіктіктік есіп тұрды. Спектакльдің атмосферасын ортаға қойылған құм аша түскендей. Ал көрермендерге шөл даланы сезіндіретін құмға орнатылған Ләйлі-Мәжнүннің бейнесіндегі қос қуыршақ ерекше әсер сыйлапты.

Жанат Оңалбек, көрермен: «Қарасаңыз, қуыршақ театры өз стильін қойылымға қоса білген. Ортада тұрған қос ғашықтың образындағы қуыршақтар маған қатты ұнады. Біз осы кезге дейін қуыршақ театрының әртістерін тек дауысын естіп келдік. Ал бұл жолғы басты ерекшелік олардың бейнесін көруімізде».

Қоюшы режиссердің драмаға заманауи әр беруге тырысқаны байқалады. Бұл ретте шығармашыл топ қазіргі хит әндерді ұтымды пайдаланған. Әуезді ән махаббатты дәріптейтін спектакльмен әдемі үйлесім тауып, жүректің қылын шертеді. Қойылым барсында біз күтпеген режиссерлық шешімдер орын алды.

Самат Алтаев, қоюшы режиссер: «Менің ерекшелігім екеуіне бостандық, өмір сыйладым. Екеуін де тірі қалдырдым. Себебі Ләйлі-Мәжнүн дүниеден өткенімен олардың махаббаты өлкен жоқ. Махаббат арқылы біз әлі күнге дамып келеміз».

Махаббат бар жерде мейірім бар. Ал мейірім әлемді құтқарады. Қойылымның көздегені — бүгінде құны жоғала бастаған мейірім мен шапағатты дәріптеу. Махаббат арқылы кез-келген кедергіні жеңуге болатынын көрсету. Айта кетейік, «Ләйлі-Мәжнүн» премьерасы маусым айының 20-сына дейін сахналанады.

Жанерке Хумар