Шымкент қаласының әкімі қабылдау бекеттеріндегі арыстықтармен жүздесті

223
Шымкент қаласының әкімі қабылдау бекеттерінде болып арыстықтармен жүздесті

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев және бірнеше жауапты қызметкерлер қаладағы қабылдау эвакуациялық бекеттерін аралап көрді.

Осы уақытқа дейін Шымкенттегі 36 арнайы орталықтарға Арыс пен оның маңайындағы ауылдардан 6435 адам жеткізілген. Жартысына жуығы балалар. Соның 67-сі осы орталықтарда ата-анасымен қауышқан. Қала әкімі шаһардағы ірі оқу орындарының жатақханасында орналасқан қабылдау бекетінде жайғасқан арыстықтардың жағдайымен танысты. Келген бойда қамқорлыққа алынған азаматтарға жылы лебізін білдірді.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Осындай жағдай болды. Қолымыздан келген барлық көмекті көрсетіп жатырмыз. Сіздер үшін Шымкентте қабылдау бекеттері жұмыс жасауда. Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, жағдаймен танысып, тапсырмалар беріп кетті. Өртенген, қираған үйлер жөнделеді, Үйлеріңізге қайтуға да жағдай жасаймыз».

Бұл жатақханада тіркелген азаматтардың саны 300- ден асқан. Жалпы Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ жатақханаларында жапа шеккен 600-ден астам азамат орналастырылған.

Арыс қаласының тұрғыны  қала әкіміне халықтың аманатын жеткізді: «Енді жарылыс болмасыншы».
Университеттің студенттері адамдарды жайғастыру, қажетті киім кешек үлестіруге қолдау көрсетуде. Төсек, тұрмыстық заттар, сусындар мен азық-түлік алып келіп жатқандардың қатары толастар емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген Шымкент қаласының ғана емес тұтас Түркістан облысының тұрғындары бар көмекті көрсетуге дайын екенін көрсетті.

Шынар Оразова