Түркістан облысы полицейлері жоғалған жасөспірімді тапты

186

Бәйдібек АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында түскі 11:00 шамасында мал жайылымдық жердегі үйінен психикалық аурумен ауыратын жұбайы белгісіз бағытқа шығып кеткенін, оны артынан кәмелет жасына толмаған қызы атқа мініп іздеп кетіп, қайтып оралмағанын көрсетеді.

Жұбайы болса, сол күні үйіне келген. Ал, қызын өз бетінше іздеп таба алмаған соң полицияға хабарласып, арызданған. Оқиға адам өміріне, оның үстіне кәмелет жасына толмаған қызға қатысты болғандықтан тәртіп сақшылары тез арада іске кірісті.

Куәгерлерден жауап алып, ол барады-ау деген жерлер тексерілді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, сондай-ақ «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс шарасы аясында жоғалған қыз Арыс ауданына қарасты ауылдан аман-есен табылып, ата-анасына қайтарылды.

Аталған іздеу іс-шарасына ерікті түрде атсалысып, полицейлерге 2 күн көмектесіп, өзінің азаматтық борышын адал атқарған көршісі Нуртаев Жандосқа аудандық полиция бөлімінің бастығының атынан «Алғыс хат» табысталды.

Тек өзін ойлайтын қоғам қалыптасқан мына заманда, өзгенің өмірі үшін алаңдап, полиция қызметкерлерімен қатар қызмет еткен, іздеу-шараларына белсенділік танытқан осындай азаматтарымыз барына қуанасың. Және бойында қырағылық пен ерлік басым Жандос Нұртаевқа бізде алғыс білдіргіміз келеді.

 

QAINAR KÓZТО ПД баспасөз қызметі