Қала әкімдігінде өткен жиын

Шымкентті алдағы бес жылда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Халықтың әл ауқатын арттыруға бағытталған жаңашыл жобаларды жүзеге асыруға шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қала активін шақырып қана қоймай, қарамағындағылардың жауапкершілігін ерекше атап өтті.

Жиынды ашқан қала әкімі жиналған қауымға Шымкенттің 2023 жылдарға дейін дамуы мен құрылысының кешенді жоспары Үкіметте қабылданғанын жеткізді. Шаһар 10 бағыт бойынша дамитын болады. Осы мақсатта мақұлданған 89 жобаны жүзеге асыру үшін 1 трл. теңге жұмсалмақ. Оның 300 млрд-қа жуығы республикалық бюджеттен, 81 млрд. теңгесі жергілікті қазынадан қаралады. Қалғаны жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асады.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «АГРС қалаға жетпейтін газды толықтыруға мүмкіндік береді. Қосалқы стансаның құрылысына  республикалық бюджеттен 9 млрд. теңге бөлінеді. 6 электр қосалқы стансасы да салынады. Жоба жүзеге асқанда, Шымкентте электр жарығы сөндірілмейді».

Қалалықтарды жазғы мезгілде ыстық сумен үздіксіз қамту мәселесі де алдағы бес жылда шешіледі. Бұл мақсатта қала әкімдігі инвестор есебінен, 190 млрд. теңгеге газ станциясын салуды көздеп отыр. Аумағы 117 мың гектарға ұлғайып, халқының саны 1 млн — нан асқан шаһарға қосылған жаңа тұрғын алаптарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі де шешімін таппақ. 2023 жылға дейін шымкенттіктердің 98 пайызы ауыз сумен қамтылуы тиіс.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «2023 жылға дейін ауыз су 95 пайыздан — 98 пайызға, газбен қамту 92 -ден 98 пайызға, сапалы электр жарығымен қамтылу 91-96 пайызға жеткізуіміз керек. Осындағы отырғандар өз саласы бойынша жауап береді».

Шымкентте көлік инфроқұрылымын жетілдіру де қолға алынбақ. Бұл бағытта 11 жоба жүзеге асады. 31 шақырым жол жөнделеді. Бұл ауқымды жобалардың бірінші кезеңі басталып та кетті. Ташкент бағытындағы 21 шақырым жол халықаралық талаптарға сай етіп жаңаланбақ.

Шаһар басшысы күре жолға қосылатын Қонаев даңғылы мен ескі қалашықтағы сүрілетін үйлер мен коммерциялық нысандарды мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.

Шынар Оразова