Түркістан облысының полицейлері ірі мөлшердегі сора өсімдігін тәркіледі

189

Мақтаарал АПБ-нің криминалды полиция қызметкерлері Мақтаарал ауданындағы ауылдардың бірінен, жергілікті тұрғынның ауласынан есірткі тектес ірі мөлшердегі «Сора» өсімдігін тапты. Ауданның тәртіп сақшылары ауладағы анықталған есірткі тектес өсімдікке байланысты тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізді.

Полицейлер айғақты зат ретінде алған 200-ден астам түп есірткі тектес өсімдікті сараптамаға жіберіп, сараптама қорытындысына сәйкес «Сора» өсімдігі екендігі анықталды. Оның жалпы салмағы 2 кг-нан астам.

Оқиға орнында құрықталған жергілікті тұрғынға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Тексеру кезінде анықталғандай есірткі тектес өсімдік құрылыс жұмыстары толық бітпеген үйдің бөлмелеріне жасырын егілген. Күдікті азамат оны күні бойы суғарып, түбін қопсыту арқылы баптап, өсіріп отырған.

Қазіргі уақытта аталған іске байланысты тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті уақытша қамауға алынды.

Полицейлердің айтуынша, есірткі еккендер, сатып және өзгелерге ұсынғандар міндетті түрде жазаланады. Себебі, есірткі заттары шартарапқа тарап, бүкіл әлемдегі адамзаттың қауіпті дертіне айналған, шырмауына іліндіріп, еріксіз елітіп кететін дерт. Есірткінің, енді жетіліп келе жатқан жас буын болашағына түбегейлі балта шабуы да ғажап емес. Сондықтан да осындай жайттардың алдын алу, онымен күресіп, оны жою-сақшылардың уақыт күттірмейтін істерінің қатарында.

 

QAINAR KÓZ ТО ПД-нің баспасөз қызметі