Уәде үшін миллион теңге…

205

Түркістан облысы Ордабасы аудандық полиция бөлімінің полицейлері Нұр-Сұлтан қаласынан бірнеше алаяқтық жайтына қатысы бар күдіктіні құрықтады. 2019 жылдың басында аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірінен арыз келіп түседі. Онда арызданушы танысының біріне тиімді бағамен жылқы алып беру үшін 600 000 теңге беріп, оны қайтара алмай жүргендігін жазады.

Бұл арыз сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер жәбірленушінің айтуы бойынша күдікті азаматтың мекен-жайын анықтайды, алайда тұлға үйінде болмай, жақындарына айтпастан ізім-ғайым жоғалғаны белгілі болады.

Осылайша ауданның Криминалды полиция бөлімшесінің қызметкерлері қылмыскерді іздестіру шараларын атқара бастайды. Біршама күннен соң екінші бір жәбірленушіден тап осы күдікті тұлғаға байланысты арыз келіп түседі. Онда жәбірленуші әлгі күдікті азаматқа мемлекеттен қомақты қаржы алып беремін деп уәде бергеннен соң, сенім білдіріп 400 000 теңгеге жуық қаржысын тапсырғандығын, алайда осы күнге дейін ақшамен бірге әлгі азаматтың жоғалып кеткенін, өздігінен іздестіріп таба алмай жатқандығын айтады.

Аталмыш екі іс те ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынып, іс қозғалды. Жәбірленушілердің айтуына қарағанда күдікті азамат оларға 1 миллионға жуық шығын келтірген.

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің полицейлері аудан тұрғындарынан сұрастырып, көрген білгендерге күдіктінің фотосуретін көрсету бойынша кешенді іс-шаралардың бірқатарын атқарады. Ақыры «Нелегал» іс-шарасы аясында 27 маусым күні күдікті азамат Нұр-Сұлтан қаласынан жалдамалы пәтерлердің бірінен ұсталады. Бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, болмаса сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденуді іске асырған 1974 жылғы күдікті ер азамат тұрғылықты мекен-жайында құрықталды. Күдікті бүгінгі таңда уақытша қамауда.

Полицейлер күдіктінің тағы да басқа қылмыстарға қатысы бар жоқтығын тексеруде. Сонымен қатар тәжірибелі тергеушілерден құралған топ тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үстінде. Қылмыстық істі ашу барысында жинақталған барлық мәліметтер нақты шешім шығарылу үшін сотқа жолданатын болады.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметі