Түркістан қаласында орналасқан еліміздегі іргелі рухани орталықтарының бірі – «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі. 40 жылдық тарихы бар музейде еліміздің өткенінен сыр шертетін, тарихын таңбалайтын құнды жәдігерлер көп-ақ. Осынау тарихқа тұнған орталықтың киелі Түркістан қаласында болуы да бекер емес. Ендеше, мақаламызда қасиетті қаланың рухын асқақтатып тұрған қорық-музейдің тыныс-тіршілігімен танысыңыз.

– 40 жыл тарихы бар еліміздегі іргелі қорық-музейлердің көшбасшысы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама – Қожа Ахмет Ясауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арналып ХIV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған кесене негізінде 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» ретінде ашылды. 1989 жылы 28 тамызда Қазақ ССР Министрлер кеңесінің №256 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып қайта құрылды. Ал, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 шілдедегі №585 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны болып құрылды. Бүгінде қорық-музейде Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және есепке алу, Қор сақтау және есепке алу, Ғылыми-зерттеу, Экскурсия және насихат, Қызмет көрсету және эксплуатация бөлімдері жұмыс атқарады. Қорық-музей құрамында 99 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың ішіндегі 1-і халықаралық, 21-і республикалық, 77-сі жергілікті маңызға ие. Алғаш ашылған кезде қорық-музей қорында небәрі 300-ге жуық ғана жәдігер болған болса, бұл бүгінгі күні 24 481 дана құнды тарихи жәдігерге жетіп отыр. Жазба, археология, этнография және нумизматика тобына жататын жәдігерлердің талапқа сай сақталуы үшін соңғы үлгідегі арнайы құрылғылар орнатылып, қажетті реставрациялық жұмыстар жүргізіліп келеді,-дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков.

Мұрат Тастанбеков тарихы мен бай мұрасының арқасында қорық-музей дәріпті дәстүрін қалыптастырып, жұртшылықтың ықыласы мен құрметіне бөленген киелі шаңыраққа айналғанын айтады.
– Қорық-музейге қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Түркістан өңіріндегі бай тарихи-мәдени мұраны, бірегей жәдігерлерімізді көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді дейді,-ол.
Сәйкесінше «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қорындағы жәдігерлерді танымал ету және насихаттау мақсатында 2018 жылы 68 көрме өткізіліпті.
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы жобалар аясында шетелдерде көрмелер өткізілді. 2018 жылы «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасы аясында Түркия Республикасы мен Ресей Федерациясында жылжымалы көрмелер ұйымдастырлған болса, 2019 жылы «Қазақстанның Өзбекстандағы жылы» деп жариялануына орай Ташкент қаласындағы «Тимуридтер тарихы» музейінде «Ұлы дала мұралары» тақырыбында көрме көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар, қос елдің мемлекет басшыларының қатысуымен өткен «Қазақстанның Өзбекстандағы жылының» ресми ашылуында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы Әмір Темір бұйрығымен жасатылған бірегей жәдігерлер – XIV ғасыр шырағдандары алғаш рет шетелдік көрмеге қойылып, үлкен қызығушылық туғызды. Әсіресе Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған қола және ағаш бұйымдар. Соның ішінде шырағдандар және қазандық, қабірхана есіктері, олардың қола халькалары мен балғашалары көптің көңілінен шықты.
Мәселен, XIV ғасырға тән қола шырағдан, іші қуыс, төменгі жағы дөңгелек, жоғарғы жағы кішірейген. Жоғарғы жағы түтікше сияқты болып дөңгелектермен белдемшеленіп келген. Ең жоғарғы бөлігі тостаған тәрізденіп біткен. Барлық сырт жақ беті айналдыра араб әріпімен жазылған жазу, ою-өрнектерімен араласып әсемделген. Жазулардың мағынасы: Шырағдан Әмір Темірдің тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне Исфағандық шебер Тадж-ет Диннің баласы Из-ет-Дин 1397 жылдың17 маусымда дайындағаны белгілі. Жазбалар аудармасы: Құрмет, бақ, дәулет, бақыт, бейбітшілік және сый дегенді білдіреді. Шырағдандармен қатар, қайда барсақ та көпшіліктің назарын аударған тағы бір зат ол XIV ғасырға жататын лауха. «Лауха»-тудың жоғарғы ұшы металдан жасалған. Лауханың төменгі түтікшесі пирамидаға ұқсас болып келген ағаштың ұшына отырғызылған. Орта жағында айналдыра араб жазуы жазылған, жоғарғы жағына үш жерінен тойтармаланып лира тәріздес плас-тина жапсырылған. Пластинаның орталық бөлігі толығымен тор іспеттес болып араб жазуларымен толтырылған, жоғарғы жағы үшкірленген. Лауханың ұшар басы архар мүйiзi сияқты бөлiгiнiң екi жақ бетiнде 4 халифаның аты жазылған.

Мұрат Тастанбеков Қожа Ахмет Ясауи шығармалары яғни хикметтерінің бірнеше қолжазбасы мен көне баспа кітаптары қордың ең құнды жәдігерлері екендігін баса айтты. ХІІІ ғ. ІІ ші жартысында соғылған төмен сынамды алтын динарлар яғни Ұлы даланың жеті қыры мақаласына тән жәдігерлер басым екендігін жеткізді. Бұл жәдігерлерге музей қызметкерлері асқан ұқыптылықпен күтім жасайтынын да айтып өтті.
– Кез-келген музей басшылығы мен қызметкерлері оның ішінде қор сақтау бөлімі қызметкерлерінің негізгі міндеті-музей құндылықтарын сақтау және оларды саралау мен зерттеу үшін қолайлы жағдай жасау. Біздегі соңғы кездегі жетістік, қор бөліміндегі жәдігерлерімізді соңғы үлгідегі қор сақтау жабдықтары: жылжымалы стеллаждарға орналас-тыру жұмысы. Құрал жабдықтардың жалпы саны 206 дана, оның 14 данасы мобильді жылжымалы жабық стеллаждар, 8 данасы стационарлы драйверлер 2 данасы стационарлы стеллаж және 180 данасы зергерлік бұйымдарға арналған, ішкі беттері қалың жұмсақ матамен қапталған ағаштан жасалған каталогты суырмалар және 2 дана қор құжаттарын сақтауға арналған темір шкафтар. Бұл жабдықтардың басты ерекшелігі рельстерге бекітілген стеллаждарды бір бағытқа қарай жылжытып жинап әрқайсысын жеке кілтпен құлыптап қоюға болатындығы және кез-келген қатардағы стеллаждың арасын ашып керек жәдігерді тауып алуға ыңғайлылығында. Жаңа үлгідегі қор сақтау жабдықтарын алғашқы музейдің бірі болғандықтан бұл жабдықтарымызды республикамыздың басқа да музей қызметкерлері мен мамандары келіп көріп, тәжірибе алмасып, өз жобаларын дайындауда,-дейді ол.

Білген жөн

Музей жәдігерлеріне қалай күтім жасалады?

Музей қоры жәдігерлерінің сақталуы бірнеше режимдерді қажет етеді. Бұлар:
1. биологиялық режим
2. ауа температурасы мен ылғалдылық режимі
3. және жарық режимі.
1. Биологиялық режим. Қор сақтау бөлмесінде биологиялық режим бойынша әр аптаның сейсенбісінде қор сақтау бөлмелерінде жәдігерлердің сақтығына байланысты санитарлық-профилактикалық тазалық күндерін өткізіп тұру жоспарланған. Жаз айларында жәндіктер үйір келетін жүннен тоқылған кілем, алаша мен бау-басқұрлар күнге жайылып дәріленіп тұрады. Сондай-ақ қалалық дезинфекциялық станция қызметкерлері мекемемен келісім-шарт арқылы кеңсе үйіне және қор бөлмелеріне мезгілдік дәрілеу жұмыстарын жүргізіп тұрады.
2. Ауа температурасы мен ылғалдылығына бойынша:
Қор сақтау бөлмелеріне температуралық ылғалдылық, ауа тазартқыш құрылғы орнатылған.
3. Жарық режиміне байланысты айтар болсақ қор сақтау бөлмелерінің терезелері кішірейтіліп, күн сәулесі тікелей түспейтін етіп жалюздер ілінген. Электр жарығы қуат көзі төмен 36 вольттық люминецетті светильниктермен жабдықталған.

Дайындаған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №30 24 шілде 2019 ж