«Үш айдан бері үш тиын да алған жоқпыз». «Shymkent bus» компаниясының жиырмадан астам автобус жүргізушілері мен кондукторлары наразылық білдірді. Аты мен заты жер жарып тұрып ашылған муниципальды автопаркке қарық боламыз деп келген жұмысшылар жалақы алмай белшелерінен қарызға батқан.

«Бала-шаға аш отыр. Мектепке дайындайтын кез қазір. Бізді директор асырай ма, әлде сақырлап жүрген бастықсымақтар ма?».

Бұл қаладағы №158 және №138 бағыттарға қатынайтын автобустың жүргізушілері мен кондукторларының жанайқайы. Айлықтарын талап етіп жүргеніне екі ай болған. Қаржыдан қиналған олар екі күннен бері жұмысқа шығуды да қойыпты. Басшылықтан маңдай терімен тапқан еңбекақыларын сұрағанда үкімет алдындағы қарыздан құтылмай көк тиында бермейтіндерін айтыпты.

«Айыппұлды жақсы салады олар. Айлыққа келгенде үкіметке қарыз. Біз байқұс енді үкіметтің қарызын төлейік» дейді ашынған жүргізушілер.

«Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі «Shymkent bus» компаниясы маусым айында жалпақ жұртқа жария түрде ашылған. Сол кезде парк жүргізушілерінің жалақысы 180 мың теңге деп мақтанып еді. Алайда, ай өткесін жалақы 65 мың теңге болып қалған. Бірақ сол ақшаны алудың өзі арманға айналыпты.

«Барлық басшылар өздерінің айлықтарын алып алды. Бізге жоқ. Несиеміздің үстемақысы өсіп жатыр» дейді жүргізушілердің бірі.

Компания өкілдері жұмысшыларға екі айдың жалақысын бермегенін мойындап отыр. Соңғы бір аптада автобус паркінде екі рет басшылық ауысқан. Жиналғандар алдына шыққан компанияның жаңа директоры Елікбай Тоқбергенов тұщымды сұхбат беруден бас тартты. Бар мәселе жақында шешіледі деумен шектелген ол жұмысшыларының айғайына қарамастан өз қарнын тойдыруға асығып кетті. Басшы «Түскі ас ішемін. Жақын арада бәрі шешіледі» деймен шектелді.

«Сән-салтанатпен ашылған автобус компаниясының жұмысында шикіліктер көп» дейді кондукторлар. Сондықтан көп жұмысшылар кешіккен айлықтарын алысымен компаниядағы жұмысынан кетуге ниетті.

Ғалымжан Кенжебек