Атаулы әлеуметтік көмек қаржысын төлеуге қосымша 20,8 млрд теңге бөлінді

172
Облыстың бюджеті нақтыланды

Сессия марапаттаумен басталды. Арыстағы жарылыстан кейін қалпына келтіру шараларында белсенділік танытқан облыс мәслихатының депутаттары Шәріпбек Жамалбек, Оңалбай Аяшев, Рабиға Қуатбековаға облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Түркістан облысының өркендеуіне үлес қосқан бірқатар жерлестеріміз Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапат алып, көңілдері көтеріліп қалған халық қалаулылары сессияның қарауына ұсынылған 28 мәселені талқылауға кірісті.

2019-2021 жылдарға арналған облыс бюджетін нақтылау мәселесі тұрақты комиссияда жан-жақты талқыланғандықтан, ол бойынша шешімді депутаттар бірауыздан қабылдады.

Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы: «Бюджеттің көлемі 29 млрд. 600 млн. теңгеге ұлғайып, 718 млрд. теңгені құрады».

Облыс бюджетіндегі 700 млн. теңге техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жұрген студенттердің стипендиясын ұлғайтуға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін ЖОО-нан грант беруге бөлінді. Арыс қаласындағы аудандық аурухананы медициналық құрал-жабдықтармен қамтуға 800 млн. теңге бағытталды. Қолдауға мұқтаж жерлестерімізді әлеуметтік қамтамасыз етуге әдеттегідей қомақты қаржы жұмсалмақ.

Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы: «Атаулы әлеуметтік көмек төлеуге қосымша 20,8 млрд, Еңбек нарығын дамыту іс-шараларын іске асыруға Ұлттық қордан 5,4 млрд. теңге жоспарланып отыр».

Түркістан қаласындағы мемлекетке қажетті жерлерді алуға 1,5 млрд. теңге, гүлзар және Арбат құрылыстарына 1 млрд. теңге бөлінді. Түркістан қаласын дамыту бойынша Бекзат Саттарханов даңғылы жолын күрделі жөндеу және желілік парк құрылысына 3,4 млрд. теңге бағытталды.

Облыстық мәслихатта Құрметті азамат атағына лайықтылардың тізімі де бекітілді. Түркістанның құрметті азаматтарының қатары тағы 19 адамға толықты. Осылайша, марапатпен басталған сессия марапатпен аяқталды.

Шынар Оразова