Кентауда қуаты күшті қосалқы станция жаңартылып жатыр. Мұнда 20 мың киловольт амперді құрайтын қосалқы станса жаңғыртылуда. Бұл құрылғылардың қалтқысыз жұмыс істеуіне сеп болатын қосалқы жабдықтар да орнатылу үстінде.

Аталған ауқымды шара «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Энергетика саласындағы кенді қаланың келелі өзгерістері турасында келесі бейнематериалда.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Кентаудағы «Городская» қосалқы станциясы жаңғыртылып жатыр. Оның қуаттылығы 20 мың киловольт амперді құрайды. Оған қажетті элегазды құрылғылар мен вакуумды ажыратқыштар алмастырып қойылды. Компания қызметкерлері қосалқы станциядағы барлық құралдарды заманауи үлгідегі жабдықтармен жарақтаған.

Бағлан Мырзахметов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС -і Кентау ЭЖ қосалқы станция қызметінің жетекшісі: «Қазіргі таңда 110 киловольтты 2 ажыратқыш қойылды, 6 тоқ трансформаторы 110 киловольт қойылып жатыр. 6 киловольт жағында 10 вакуумды ажыратқыштар қойылды, 35 жағында 4 элегазды ажыратқыштар ауыстырылып жатыр».

«Городская» қосалқы станциясының аты айтып тұрғандай, кенді шаһарды қуатпен қамтудағы ролі орасан зор. Кентау халқының 70 пайызын электр энергиясымен жабдықтайтын нүкте дәл осы жер. Станцияның осындай маңыздылығын ескерген энергетиктер мұндағы барлық құралдарды жаңарту үстінде.

Сержан Аяғанов, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і Кентау ЭЖ шебері: «Қазіргі таңда Кентау қаласында 70 пайыздан астам жарықты ауыстырып жатырмыз. Осы салада жұмыс істеп жатқаныма 2 жылдай болды. Енді бұл инвест программаны істеп жатқанымызға 21 күндей болды. Қалғанын бірте-бірте осылай ауыстырамыз. 1 айдың көлемінде бітіреміз».

Айта кету керек, бұған дейін қосалқы станциядағы ескі жабдықтар механикалық жағдайда басқарылатын болса, қазір заманауи микропроцессорлы құралдардың орнатылуына байланысты мұндағы жұмыс анағұрлым жеңілдейді дейді энергетиктер. Ал ең бастысы, жаңартылған жабдықтар станцияның бекемдігін арттырып, электр қуатымен қамтудағы сенімділігін күшейтері сөзсіз. Дәл қазір «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бұл жаңғырту жұмыстарына 10 жұмыс күші мен 5 техника жұмылдырылған. Энергетиктер аталған ауқымды шаруаны қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отыр.

Мақсат Жақсыбайұлы