Шымкентте 3 жасар бүлдіршінді пойыз қағып кетті

364
фото infosmi.net

Оқиға кеше кешкі сағат 20:00 шамасында орын алған. Үлкендердің жетегінсіз шыққан бала қоршаудан асып өткен. Ал, шойын жолға беттегенде жедел пойыз келіп, балақай сол жерде тіл тартпай кетті.

Шыбын жаны шырылдап жатқан ақ жаулықты ана кенжесінен темір жол торабында айырылды. Қайғылы оқиға күні кеше Сайрам шағынауданында орын алған. 3 жасар бүлдіршін үлкендердің жетегінсіз үйден шығып, шойынжол жағасындағы қоршаудан өтіп кеткен. Ссоңы қайғымен аяқталды.

Ердәулет Садықов, Шымкент станциясының желілік полиция бөлімінің тергеушісі: «Қызылсай -Шымкент станциялары аралығында 3296 км 8 пикет тұсында кәмелет жасына толмаған балаға пойыз қақтығысқан деген хабарлама келіп түсті. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 344 бабының 2 бөлігімен тексеру жүргізілуде».

Аудандағы бұл шойын жолдан үлкендер емес, негізінен мектеп оқушылары өтеді. Бірі ата-анасының жетегімен жүрсе, кейбірі өз беттерімен үйлеріне қайтады екен. Кешегі оқиғадан үрейленіп қалған тұрғындар болған жайдан кейін әлі де естерін жинай алмай жүргендерін айтады.

Қаза тапқан бала бүгін жер қойнына тапсырылды. Айта кетейік, балақай отбасының төртінші перзент болатын. 5 – құрсақ көтерген анасы қайғылы жағдайдан кейін жедел түрде перзентханаға жеткізіліпті.

Назерке Үкібасова