Арыстықтар қоныс тойын тойлап жатыр

166

7-ші сектордағы Орманшы ауылында негізгі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Жарылыстан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына жауапты Түркістан облысы болатын.

Жойқын жарылыс қаладан 5 шақырымдай қашықтықта орналасқан Орманшы ауылының барлық үйлеріне залал келтірген. Тіпті снарядтар кейбір үйлердің шатырын тесіп өткен. Бүгінде қираған ауыл, қалпына келтіріліп, ел игілігіне берілді.

Жұманәлі Кәдиев, Дермене ауыл округінің әкімі: «Бұл жерге саперлар келіп жұмыс істеді. Снарядтар түскен үйлер бар. Негізі снарядтардың бағыты осы ауылдарға келіп түскен. Әлі де жұмыс істеп жатыр әскерилер. Бүгін көріп отырғандарыңыздай барлық үйлер біткен, тұрғындардың көңіл-күйі жоғары”.

Дермене ауыл округіне қарасты Орманшы ауылында 30 – ға жуық отбасы тұрады. Олардың тек біреуінен басқасы күрделі жөндеуден өткен. Апатты жағдайдың астында күнелтумен уақыт өткізген тұрғындар, өз шаңырақтарының бүтінделгеніне дән риза.

Ауылға осыдан дәл бір жарым ай бұрын кірген «Қызмет» ЖШС -нің қызметкерлері үйлер толықтай аяқталды деп отыр. Жарылыстың толқынынан жарамсыз күйге түскен есік терезелер, орнынан қозғалған шатырлар толықтай ауысқан.

Айтып келмеген апаттан келген нәубет біртіндеп қалпына келіп жатыр. Елдің көңілі жайланып, көрген түстей болған қорқыныштарынан да арыла бастаған.

Гүлнұр Әмірәлі