Шымкентте жүзуден Қазақстан чемпионаты басталды

332

Суға жүзуден еліміздің спортшылары Шымкентте өзара мықтыны анықтайды. Ол үшін Қазақстанның әр аймағынан барлығы 200-ден астам жеткіншек келді. Жүзуден басталған Қазақстан чемпионаты жылдың қорытынды жарысы.

Тапаншаның дауысы естілісімен мәре сызығына асыққан спортшылар еліміздің әр аймағынан жиналған. Жеңіске жетуге талпынғандардың бірі – Мирас Надырбек. Шымкенттік спортшы үшін бұл жауапты бәсеке. Оның спорт шеберіне үміткер атағын алу осы сайыстың қорытындысына байланысты. Әрі жыл бойғы бабын көрсететін мүмкіндік дейді.

Суда жүзуден жылдың қорытынды жарысына барлығы 300-ден аса спортшы келген. 7 жастан 16 жасқа дейінгі спортшылар суда жүзудің 3 түрінен өзара мықтыны анықтайды. Атап айтсақ, құлаштап жүзу, брасс және баттерфляй. Айта кету керек, суда жүзуден тек ел ішіндегі чемпионаттармен шектелетін жерлестеріміз әлі олимпиада ойындарына жолдама алмаған.

Александр Ефимов, жарыстың бас төрешісі: «Спортшылар жарысқа үлкен дайындықпен келген. Себебі бұл жылдың қорытынды бәсекесі. Ал, олимпиада ойындарына келетін болсақ, әлі ешбір шәкіртіміз жолдама алған жоқ. Үміт бар. Тек ол үшін әлі рейтингтік жарыстарда ұпай жинау керек».

Қазақстан чемпионаты апта соңына дейін жалғаспақ. Топ жарған спортшылар спорт шеберлігіне үміткер және спорт шебері атақтарын алады.

Назерке Үкібасова