Полиция қызметкерлеріне қандай жәрдемақылар беріледі?

479

Қазақстанның Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қандай жеңілдіктер қарастырылғаны айтылды, деп хабарлады Tengrinews.kz. ҚР ІІМ мәліметінше, баспанасы жоқ қызметкерлер мен әр отбасы мүшесіне тұрғын үйді жалдап тұрғаны үшін тұратын аймағына байланысты 18 700-ден 49 300 теңгеге дейін өтемақы төленеді.

«Қызмет ету кезеңінде тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері қамтамасыз етіледі. Осы уақытқа дейін жедел-тергеу бөлімшелерінің, патрульдік полицияның жауынгерлік бөлімдерінің қызметкерлеріне, учаскелік полиция инспекторларына, соның ішінде кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын қызыметкерлерге жалдамалы тұрғын үй үшін өтемақысы төленеді. Өтемақы қызметкерлер тұратын аймаққа байланысты сараланған түрде, әр отбасы мүшесіне 18 700-ден 49300 теңгеге дейін төленеді», – деді Ішкі істер министрлігі.

Қазақстан Республикасының «Ішкі істер органдары туралы» заңына сәйкес қызметін ауыстыру барысында 50 шақырымнан асатын елді мекенге көшкен кезде қызметкерге екі айлық жалақы мөлшерінде және бірге көшкен әр отбасы мүшесіне айлық жалақының жартысы мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді.

Сондай-ақ қызметкер мен онымен бірге көшкен отбасы мүшелеріне он тоннаға дейінгі жеке мүлкін тасымалдағаны үшін және теміржол арқылы, су жолымен және автомобиль көлігімен жол жүру ақысы төленеді.

«Егер қызметкер қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарақат алса, оған біржолғы өтемақы төленеді, ал ол қайтыс болған жағдайда оны алуға құқығы бар адамдарға өтемақы беріледі. Қызметттік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған қызметкердің балалары кәмелет жасына толғанға дейін оларға медициналық және санаториялық-курорттық қызметтерді беру Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады», – деп толықтырды министрлік.