Шымкентте атысқан кім?

260

Арғынбеков көшесі бойындағы «Сүндет» кафесіндегі атыс оқиғасына қатысы бар деген 2 күдіктінің түр-тұлғасы анықталды. Қазір құрықтау шаралары жүрзіліп жатыр. Бұл жөнінде Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов мәлімдеді.

Еске салайық, аталған кафеге 29-қыркүйек күні, кешкісін келген қонақтар бұл жолы жәй тарқаспаған. Әлденеге келісе алмаған топ кешкі 17:30-дар шамасында көптің көзінше атысқан. Салдарынан бір адам оқиға орнында мерт болғаны хабарланды. Тағы 5 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Өткіржан Молдаханов, №1 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі: «2 науқастың жағдайы орташа ауырлықта болғанына байланысты, хирургия және травматология бөліміне жатқызылды. Тағы екеуі әлі жансақтау бөлімінде. Отадан кейінгі жағдайлары ауыр дәрежеде дей аламын».

Оқиға орнында болған автокөліктердің бірінен қомақты қаржы табылған. Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов әзірге бұл қаржы бойынша нақты ақпарат айтпады. Тек оның кімге тиесілі екені және жай-жапсары анықталып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, қылмыс орнын тексеру барысында бірнеше қару тәркіленіп, арнайы сараптамаға жолданыпты. Сондықтан қарулардың атын-атап, түрін де түстемеді. Қазір осы оқиғаға қатысы бар деген 2 күдіктінің түр-тұлғасы анықталған.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық полиция департементінің бастығы: «Ол қылмысты істеген адамдардың бәрі белгілі. Анықталды. Қазіргі уақытта ұстау шаралары жүргізіліп жатыр. Құдай қаласа жақын арада ұстап, әркім өз тиісті жазасын алады».

Полиция департаментінің ресми мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта аталған жәйт бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 287-баптың 4 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Мөлдір Бекеева