5 литрлік құтыға 700 мың теңге жинаған…

399

Қарағанды қаласының тұрғыны балаларының депозитіне 700 мың теңге қаражат салып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қызметкерлерін таң қалдырды. Олардың назарын аударған жиналған ақша мөлшері емес, оның номиналы еді. Өйткені, банк клиенті 100, 50 және 20 теңгелік монеталардан тұратын жинақ ақшасын екі бес литрлік бөтелке мен пакеттерге салып, алып келген болатын.

Клиент өзі жайлы мәліметтердің жасырын қалуын қалағанымен, қаражат жинауды осыдан 7 жыл бұрын бастағанын айтты. Ол жинақ сандықшаны сатып алып, оны толтырғаннан кейін, жұбайының туған күніне сыйлық ретінде сыйлаған. Соңғы екі жылда жұбайы сыйға алған қаражатты жұмсамай, оны керісінше Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде Арнат пен Тілек атты ұлдарының атына ашқан депозиттерге салып отыруды шешкен.

Монеталарды банкке әкелмес бұрын, отбасы мүшелері 4 сағат бойы жинаған тиындарын санаған. Ал, банк қызметкерлері үшін бұл процесс әлдеқайда жылдам болған, өйткені олар металл ақшаны санайтын арнайы машинаны пайдаланған.