Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттеріне арналған 240 орынды жаңа жатақханасын салтанатты түрде ашты. Іс-шараға ОҚМПУ ректоры А.Каирбекова мен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Оңалбай Аяшев қатысты.

Жаңа ғимаратты студенттерге тапсырған қала басшысы бұл жұмыстар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жастардың сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы екенін атап өтті.

«Баршаңызды мейрам алдында жайлы орынға қоныстануларыңызбен құттықтаймын. Елбасы 2023 жылға дейін барлық студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырма берген болатын. Шымкенттегі жатақхана қажеттілігін жою бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Мәселен, осы жылы бүгінгі 240 және 350 орынды екі жатақхананың құрылысы аяқталып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілді. Келесі жылы «Шымкент» ӘКК арқылы 2 500 орынды жатақхана салу жоспарлануда», – деді Ерлан Қуанышұлы.

Аталған оқу ордасының жаратылыстану факультетінің студенттері жайғасатын жатақхана Шымкент қаласындағы Нұрсәт шағынауданында орналасқан және заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Кітапханасы мен оқу залы, демалыс бөлмесі, медициналық пункт, ас бөлмесі де бар.