Алтын Орданың 750 жылдығын тойлауға 3,5 миллиард теңге бөлінуі мүмкін

244
Сурет : camonitor.kz

Жоспарға 40 түрлі іс-шаралар енеді. ҚР Үкіметі Қаулысымен Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойына арналған «Ұлық Ұлысқа» дайындық пен оны өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, деп хабарлайды zakon.kz.

Жоспарға 40 түрлі іс-шаралар, оның ішінде «Батыс Қазақстанның Алтын Орда дәуіріндегі ежелгі керуен жолдары мен керуен-сарайлары: керуен сарайлар мәліметтері базасын зерттеу және құру» жобасын іске асыру кіреді, сонымен қатар:
– Алтын Орда кезеңіндегі Сарайшық қалашығын қалпына келтіру бойынша археологиялық жұмыстар жүргізу (2020 жылға – 29,7 млн теңге, 2021 жылға – 21,1 млн теңге, 2022 жылға – 19,2 млн теңге);

– «Жошы хан» кесенесінің жанында туристік кешеннің құрылысы (800 млн теңге);
– ҚР Ұлттық музейінде «Алтын Орда және Қазақ хандығы залдары» экспозициясын құру (175,1 млн теңге);
– «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығының қабылдау орталығының құрылысын аяқтау және абаттандыру (150 млн тг. + 180 млн теңге);
– Ұлттық және халықаралық іс-шараларды, оның ішінде көшпенділердің мәдениеті, Жезкиік-2020, Ұлытау-2020 музыкалық фестивальдерін ұйымдастыру (РБ – 174 млн теңге, ЖБ – 248 млн теңге);

– ҚР Ұлттық мұражайында «Алтын Орда: Мемлекеттік Эрмитаж коллекциясынан» көрмесін өткізу (170,4 млн теңге);
– Алтын Орда, Жошы хан, Алаша хан және басқалары туралы деректі фильмдердің ғылыми-танымдық циклы (132,8 млн теңге);
– Нұр-Сұлтан қаласында Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасына арналған қорытынды халықаралық конференцияны өткізу (52 млн теңге);

– Ұлытау ауылы маңында туристерді қабылдайтын этно-ауыл құру (350 млн теңге);
Жалпы, «Ұлық Ұлысты» тойлауға қажетті іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін 3,5 млрд теңге қажет болады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда қазақтардың мәдени коды боп табылатынын айтқан болатын. Оның айтуынша, «жас ұрпақты патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу үшін Ұлытаудың тарихы мен мұрасын пайдалану қажет».