Полицейлерге пара беруге тырысқан жүргізуші ұсталды

93

Түркістан облысында полицейлерге пара беруге тырысқан жүргізуші ұсталды,- деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қаласындағы көшелерді патрульдеу кезінде, Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальонының автоэкипажы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «Мерседес Бенц» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Автокөлік жүргізушісі М. Әуезов көшесінің бойымен қозғалғанда, қарама-қарсы бағытта келе жатқан көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтірген.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушінің құжаттарды тексеру барысында заңды бұзған жүргізушіде жүргізуші куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлігі және міндетті сақтандыру шарты жоқ екенін анықтады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау барысында «Мерседес» көлігінің жүргізушісі полиция қызметкерлеріне әкімшілік жауапкершілікті болдырмау мақсатында 7 мың теңге ұсынған. Пара беру ретінде қаралатын бұл әрекетке полиция тарапынан ескертулер жасалды. Алайда оған қарамастан, жас жүргізуші өз іс-әрекеттерінің қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біле отырып, қызметтік көлік құралдарының панеліне ақшаны қойған. Бұл полицейлердің видеожетондарында тіркелді.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша Түркістан облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҚР ҚК-нің 367-бабының 1-бөлігі «Пара беру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Ер адам өз кінәсін толық мойындады. Күдіктіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің үш бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оларды атап айтсақ: 612-бабының 1-бөлігі «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы», 614-бабының 1-бөлігі «Көлік құралдарының жүруіне кедергі жасау» және 230-бабының 2-бөлігі «Міндетті сақтандыру туралы ҚР заңнамасын бұзу». Тәртіп бұзушының автокөлігі айыппұл тұрағына қойылды.