Мемлекет басшысы ел экономикасының жыл санап кері кетіп жатқанын ерекше атап өтті. «Экономиканы дамытуда банк саласының алар орны айтарлықтай зор» деген Президент, несиені төлем қабілеті жоқ жеке тұлғалардың орнына, кәсіпкерлерге беру қажеттігін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Қарапайым тілмен айтқанда, несиені қайтара алатын адамдарға беру керек. Бізде жеке тұлғаларға берілген несие 1 триллион 400 млрд. теңгеге өскен. Бүгінгі таңда 6,7 триллион теңгені құрайды. Ал бұл қаржының толық қайту — қайтпауы екіталай».

Осы кемшіліктерді жою үшін мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық реформаны сараптау және мониторингтау орталығын құруды тапсырды. Бұл орталықтың жұмысы өзге компаниялардай емес, бюджет ақшасын артық шығындамай жүруі керек. Ал ел экономиканын өсіруге сеп болатын арнайы құжат биылғы жылдың 15 мамырына дейін дайындалып бітуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Айқын мақсат, түсінікті міндеттер. Осыларды толығымен орындау экономикалық өсімнің жаңа сапасын қамтамасыз етеді. Сондықтан Бірыңғай бағдарламалы құжат жазу керек. Максималды түрде қысқа формада және мағынасы терең болуы тиіс».

Осыдан 6-7 жыл бұрын қол қойылған, бірақ күні бүгінге дейін саланың дайын болмағандығына байланысты іске аспаған келісімшарттар жайлы айтқан мемлекет басшысы кез — келген құжатқа қол қоюға болмайтындығын да министр мен әкімдерге ерекше ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Келіссөздер барысында тек мемлекетіміздің мүддесіне сай келетін құжаттарға қол қою керек. Бұрын барлық келісімдерге қол қоюшы едік. Қазіргі таңда бұл үрдісті тоқтату керек. Кез -келген келісімдерге қол қоюға болмайды».

Президент сонымен қатар, мемлекеттік субсидияның «бармақ басты, көз қысты» жолмен берілмеуі тиіс екенін де айтып, субсидияны бөлу тетігін қайта қарауды тапсырды.

Ал тек шығынға жұмыс істеп, миллиардтап айлық алып, ел экономикасын ілгерілетпей отырған квазимемлекеттік компаниялар саны қысқаруы тиіс. Бюджет қаржысының әр тиыны да су секілді сұраумен жұмсалуы керек. Ал министрлер кабинеті мен әкімдер бұл жолғы рекордты оң жағынан жаңартпаса, орынтақтарынан айрылуы мүмкін.

Меруерт Ахан