Шымкентте «сыра патшасының» мүлкі аукционға қойылды. Қараусыз қалған үй, қойма және хан сарайындай тағы бір үйден бөлек аумағы 5 га болатын Фосфоршылар сарайы сатылады. Барлық төрт жылжымайтын мүлік объектілері біріктірілген лоттың бастапқы бағасы — 1,2 млрд. теңге.

Аукцион 2020 жылдың 6 ақпанына жоспарланған және бағаны көтеру әдісіне сәйкес өткізіледі. Сонымен бірге аукционға шығарылған нысандарға ілеспе құжаттарда тек қана Фосфоршылар сарайының бастапқы бағасы 1 миллиард 66 миллион теңгеге бағаланғанын көрсетеді. Құжатта оның қазіргі жағдайы «қанағаттанарлықсыз» деп көрсетілген.

Ғимарат ішінде бұрын орын алған өрттің салдары бар, терезелер мен есіктері жоқ, жылыту батареялары, сантехника жоқ. Жалпы, бірнеше жыл бойы қаңырап бос қалған Мәдениет сарайының бүгінгі кейпі адам аярлықтай.

Еске салсақ, Тоқтар Төлешов 2016 жылы 30 қаңтарда Шымкентте арнайы операция кезінде ұсталған болатын. 2016 жылдың қараша айында Төлешов 21 жылға бас бостандығынан айырылды.