«КҮМІС АЛҚА» МЕН «АЛТЫН АЛҚА» белгілерін қалай береді?

1413

Газетімізде бұрыннан бар «Сұрақ-жауап» айдарына енді тұрақты бір бет арнап, әр нөмірде жариялаймыз. Сонымен сізді түрлі тақырыптағы сауалдар мазалай ма? Жауабын нағыз кәсіби маманнан білгіңіз келе ме? Онда газетіміздің WhatsApp нөміріне, info@onrabat.kz эл.поштасына хат жазып, редакцияның 8 (7252) 53-54-17 телефон нөміріне хабарласып, сұрағыңызды айтыңыз. Инстаграмда @onrabat.kz, Фейс-буктағы «Оңтүстік Рабат газеті» парақшасына да хабарласа аласыз.
Біз сіздің әлеуметтен бастап тұрмысқа дейінгі сан сауалыңызға жауап алып береміз.

Бүгінгі тақырыбымызды – редакцияға хабарласқан оқырман сауалы негізінде «Күміс алқа», «Алтын алқа» белгілерін алу жайына арнап отырмыз. Сонымен…

Редакцияға хабарласқан көпбалалы ана Жанар Дүйсенова 1 жыл 8 айдан бері «Күміс алқа» белгісін ала алмай жүргенін айтады. «Көпбалалы аналарға тиесілі мемлекеттік жәрдемақы мен бірқатар жеңілдіктен қағылдым» деген оқырманның мәселесімен көпбалалы аналарға берілетін наградалардың жай-жапсарын және нақты Жанар Дүйсенованың жағдайына қатысты не боп жатқанын білдік.

6 БАЛАСЫ БАР

Жанар Дүйсенова Ордабасы ауданының Бадам елдімекені тұрғыны. Алты баланың анасы. Тұңғышы 17 жаста, кенжесі 2 жас 8 айлық екен. «Күміс алқаға» құжат тапсырыпты. Әуелде құжаттары дұрыс болмай кері қайтыпты. Содан құжатын реттеп, қайта өткізген. Бірақ, награда әлі келмеген. Ал өзінен кейін өткізгендердің наградасы келіп қойған. Құжатты қабылдаған ауыл әкімдігінің мамандары құжаттарының Елордаға жіберілгенін, алқасының неліктен кешігіп жатқанынан хабарсыз екенін айтыпты.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?
Осы мәселе бойынша Ордабасы ауданы әкімдігіне хабарластық. Аудан әкімі көмекшісінің (өзін Нұрсұлтан деп таныстырды) айтуынша, «Күміс алқаға» үміткер Жанар Дүйсенованың құжаттары ауыл әкімшілігінен аудан әкімшілігіне 2019 жылдың шілдесінде келіп түскен. Мәліметтері тексеруден өткізіліпті. Дәл қазір оның құжаты облыс әкімінің аппаратында екен. Қол қойылған соң, Нұр-Сұлтанға жіберіледі. Ол жақта қол қойылса, «Күміс алқасы» мен құжаттары 15-20 күнде иесінің қолына тиеді.

«КҮМІС АЛҚА», «АЛТЫН АЛҚА» кімдерге беріледі?

Өзіне тиесілі наградасын ала алмай жүрген Жанар сияқты әйелдер аз емес. Көбі – ауыл тұрғындары. Сөздерінше, ауылды жерде қағазбасты-лықтан аяқ алып жүру қиын. Ауыл ауданға, одан қалса облысқа сілтеп әбден табанынан тозады. Ал Шымкентте қалай? «Күміс алқа», «Алтын алқа» наградалары балаларға не береді? Бұл сауалдарға Шымкент қаласы, Абай ауданы әкімінің халықты әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету мәселелері бойынша орынбасары Санжар Бурлибаев жауап берді.

«ҚР мемлекеттік наградалары туралы Заңына сәйкес, көпбалалы аналарға – «Алтын алқа», «Күміс алқа»»сынды омырауға тағатын белгі табыс етіледі.
«Алтын алқа» алқасымен 7 және одан да көп бала туған және тәриелеп-өсірген аналар наградталады. Бұл награда ананың жетінші баласы бір жасқа жеткен және басқа балалары тірі болған ретте беріледі. «Күмiс алқа» алқасымен алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алтыншы баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте наградталады. «Алтын алқа» және «Күміс алқада» да Қазақстан Республикасының мүдделерiн қорғау кезiнде немесе өзге қызметтiк мiндеттерiн атқару үстiнде қаза тапқан не болмаса хабарсыз кеткен, дүлей апаттар кезiнде не адам өмiрi мен материалдық құндылықтарды құтқару жөнiнде азаматтық борышын атқару үстiнде, қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртiп күзетiнде қаза тапқан, сондай-ақ аталған жағдаяттар кезiнде жаралану, мертiгу немесе ауруға шалдығу не еңбек жарақаты немесе кәсiби ауру салдарынан қайтыс болған балалар ескерiледi.
«Алтын алқа» және «Күмiс алқа» алқаларының Қазақстан Республикасының ордендерi мәртебесi болады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғынжаймен бірінші кезекте қамтамасыз етіледі.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негізде және тәртіппен ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
«Күміс алқа» алқасымен наградталған көп балалы аналарға жеңілдіктер жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен белгіленеді».

ИЕГЕРЛЕРІНЕ ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІК БАР?

Сондай-ақ: «Батыр ана» атағын алғандар, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен марапатталғандар жер, мүлік және көлік салықтарынан босатылады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына төлемдер мен аударымдарынан босатылады. Бірақ, МӘМС жүйесінде азаматтардың медициналық көмекті алуға құқығы бар.
Мемлекеттік баж салығынан босатылады. 2018 жылдан бастап әйелдер 58,5 жастан бастап зейнетке шығады. Алайда:
5 баланы дүниеге әкелген немесе асыраған және оларды 8 жасына дейін өзі тәрбиелеген 53 жастағы әйелдер мерзімінен бұрын зейнетке шығады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне тегін дәрі-дәрмектер төмендегідей аурулар анықталған жағдайда беріледі:
–Жүректің ишемиялық аурулары (ЖИА);
–Артериалды гипертензия;
–Созылмалы жүрек жетіспеушілігі (СЖЖ), оның ішінде – дилатациялық кардиомиопатия;
– Асқазанның және ұлтабардың ойық жарасы;
– Остеоартроз.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №7, 12 ақпан 2020 ж