Кабинетінде карта ойнаған ауыл әкімінің ісі тәртіптік кеңесте қаралды

586

«Бірі карта ойнаған, бірі былапыт сөз айтқан». Түркістан облыстық тәртіп кеңесінде Шардара, Сайрам аудандарына қарасты ауыл әкімдерінің істерін қарады. Кеңес мүшелері 7 мемлекеттік қызметкерді тезге салды. Әдептен асқан шенеуніктерге қандай жаза тағайындалды?

Бұл Шардара ауданы Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі Әлібек Сейдалиевтің ел ағаларымен карта ойнап отырған сәті. Қызметтік орнында халықтың қамын емес, құмар ойынмен әуре болған білдей лауазым иесінің бұл әрекеті тәртіптік кеңеске дейін жетті. Әкім өз кінәсін толық мойындады.

Әлібек Сейдалиев, Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі: «Мойындаймын, бір-ақ рет болған жағдай».

Тәртіптік кеңес мүшелері ауыл әкімін қызметіне сай емес деп танып, аудан басшылығына шара көруді тапсырды. Кеңес мүшелері орынбасарына былапыт сөз айтты делінген Қарасу ауылдық округінің әкімі Ербол Бекбердиевтің де тәртіптік ісін де қарады. Орынбасары мұны таспаға жазып алыпты. Алайда, ауыл әкімі бұл менің даусым емес деп, ат-тонын ала қашты.

Ербол Бекбердиев, Қарасу ауылдық округінің әкімі: «Орынбасарым ол күні менің кабинетіме кірмеген. Кабинетке шақырып, тапсырма берген емеспін. Қабылдау бөлмесіндегі видеокамерада барлығы тіркелген».

Алайда, бірнеше ай бойы созылып келе жатқан бұл даудың осыған дейін сотқа жетпегені күман тудырады. Шын мәнінде жала жабылып отырса, әкім неге орынбасарын сотқа бермеген? Кеңес мүшелері тарапынан қойылған осы сауалдан кейін ауыл әкімі сотқа шағымданатынын жеткізді.

Кеңесте бас-аяғы 7 мемлекеттік қызметкердің ісі қаралды. Жиында мектеп құрылысына бөлінген қаражатты дұрыс игермеген созақтық шенеуніктер де тәртіпке шақырылды. Айта кетейік, былтыр әдептен асқан шенеуніктерге қатысты арыз-шағымдардың саны жөнінен Сайрам бар ауданды басып озған.

Мақпал Рысбаева