Шаруа қожалығынан асыл тұқымды малды жымқырған күдіктілер ұсталды

101

Сарыағаштық полицейлер өздері жұмыс жасайтын қожалықтан асыл тұқымды таналарды жымқырып жүрген күдіктілерді ұстады

Сарыағаш АПБ-не сиырды бағып, мал шаруашылығымен айналысатын ЖШС-нің заңды өкілі арызданады. Ол өз арызында өткен жылдың қыркүйек айы мен желтоқсан айлары аралығында белгісіз тұлғалар өзіне тиесілі асыл тұқымды 6 бас таналарын ұрлап кеткенін көрсетеді.

Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 2.500 000 теңгені құраған. Аталған жайт сотқа дейінгітергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Аудандық полицейлер бірнеше айлар бойы жалғасқан ұрлықты ашу мақсатында тез арада іске кірісті. Көрген-білгендерден сұрастырып, мұқият тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, қылмыстың «ізін суытпай» ашып, күдіктілердің жеке-бастары айқындалды.

«Жау алыстан келмейтінін», ескерген полицейлер кешкі уақытқа дейін нақты ақпарат көздері арқылы күдіктілердің осы қожалықта жұмыс жасайтыны анықтады. Тәртіп сақшылары 3 ер азаматтардан құралған қылмыстық топты құрықтады. Олардың бірі осы жерде қарауыл болса, бірі күзетші, үшіншісі бақташы болып қызмет атқарып жүрген. Тергеу барысында күдіктілердің екеуі малдарды шығарып беріп отырса, үшіншісі малды апарып, сатып отырған. Одан түскен ақшаны ұрылар өз қажеттіліктеріне жаратқан. Өз кінәларын толық мойындаған күдіктілер қамауда.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп отыр. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға мал-мүліктеріңізге сақ болыңыздар деп ескертеді. Қожалығыңызда қызмет етуге сенімді адамдарды алуға кеңес береді. Егерде малыңыз ұрланып немесе осындай ұрлық жайтының куәсі болсаңыз полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз.