Шымкентте халыққа қызмет көрсетуде мемлекеттік қызметкерлердің дөрекілігі тыйылмай тұр. Республика тұрғындары арасында жүргізілген арнайы мониторинг қорытындысы бойынша, халыққа қызмет көрсету сапасы жағынан Шымкент 17 аймақтың ішінде 16-шы орында.
Бүгінгі жөні бөлек жиында шенеуніктер әдеттегідей емен-жарқын хал сұрасқан жоқ. Жұмыстағы кем-кетіктер мен міндетіне алған мәселе майшаммен қаралатынын сезсе керек. Шақырылған бірқатар басқарма басшылары тіпті төбе көрсетпеді. Сонымен, мемлекеттік қызмет сапасы жағынан Шымкент елдегі 17 аумақтың ішінде 16-шы, соңғы жағынан екінші орында.
Айбек Шілманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары:»Республика бойынша 14 500 респондент қатысыпты, оның ішінде жасырын сатып алушы, зерттеулер, терең сұхбаттар болған, яғни бұл жүйе барынша зерттелген. Осы рейтинг бойынша қарап отырсақ, біздің Шымкент қаласы өте төмен деңгейде болып тұр. Бұл нені көрсетеді? Яғни, біздің қызмет көрсету саласында кемшіліктер орын алып тұр деген сөз».
Көрсеткіштің күрт төмендеп кетуінің себебі мен салдары да зерттелген. Дерек пен дәйектер тізбектелді. Сөздің алды Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлеріне арналды.
Басқарма басшысы бұл олқылықтарды жою бойынша тиісті жобалар қолға алынып жатқанын айтып ақталғаннан басқа шарасы болмады. Дәл осы жиналыстан соң, тұрғындардың талап-тілегі ескеріле басталатынын білдірді.
Миллионды қаланың тынысы мен тынышын бақылаушы полиция департаменті де «сыбағадан» құр қалған жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында отыратын көші-қон полициясының қызметкерлері ерекше аталды.
Дулат Есіркеп, ҚР Мемлекеттік қызмет Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы:»Жауапты емес, құзыретті емес, көмектеспеді, кешкі сағат 17-00-ден кейін қызметкерлер жұмыс орнында болмайды», -дейді жергілікті жұрт».
Ал полиция департаменті өкілінің өз қызметкерлерін қорғап айтқан сөзі бәрінен озды.
«Кешкі сағат 17-00-ден кейін офицерлердің халықты қабылдайтын терезелерді жауып, жұмыстан кету себептері бар. Олар ҚР Ішкі істер Министрлігі бекіткен талапқа сай, спортпен шұғылдануға кетеді», — дейді Шымкент қалалық ПД ресми өкілі.
Бұл жұмыс кестесінің халыққа тиімсіз екенін және «сылтаудың» ақылға қонбайтынын айтқан ҚР Мемлекеттік қызмет Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасы Айбек Шілманов тез арада түйінді мәселені тарқатуды тапсырды. Тіпті тиісті мекемелерге хат жолданса да, халыққа уақтылы қызмет көрсетілуі қажеттігін құнттады.
Мөлдір Бекеева