«Бір отбасының шырқын бұзып, баламнан айырылдым»

328

«Көресіңді көрмей көрге кірмейсің». Атам қазақтан сөз қалған ба? Осы сөз үнемі жадымда жүреді. Қазір айналамда менің қатемді қайталаған жандарды көрсем, әңгімені осы бір ауыз сөзден бастаймын» деген оқырманымыздың хикаясы тыңдаған жанды бей-жай қалдырмайды. Өкініш толы өмірін баяндаған кейіпкеріміздің тағдыры шынымен ауыр-ақ. Сонымен, кейіпкеріміздің айтуынша, ауру әйелі бар ер азаматтың басын айналдырып алғанынан бастап, сол жағымсыз әрекеттері қазір алдынан шығып жүр екен. Міне, осы себепті де өз қатесін басқалар қайталамағанын қалап, көпке ой салғысы келеді.

«Әдемі қыз едім. Жап-жаспын. Өзімді ақылды сезінетінмін. Көп кедергілерден ақылға салып, сәтті өттім. Тұрмыс құратын уақытым келді. Теңімді тауып отбасын құру арманым болды. Тұрмысы жұпыны отбасында өстім. Көп балалы болдық. Оқуымды жақсы оқып, қалаған мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрдім. Қандай жағдай болмасын, қалталы азаматқа тұрмысқа шыққым келетін. Айналамдағы еркектердің ешқайсысы менің көңілімнен шықпады. Сөз салғандарға мойнымды бұрып та қарамадым. Не бір мықты азаматтар болды, бәрінің қолын кері қайтардым. Сондағысы – олардың ешқайсысы мен ойлағандай бақуатты болмағаны еді.
Бір күні құрбыларымызбен көңіл көтеруге жиналдық. Жанымыздағы үстелде бірнеше жігіт отырды. Жасы бізден үлкен ер азаматтар екені көрініп тұр. Шамалы уақыттын кейін екі үстелдің адамдары араласып кеттік. Көңілді отырыс басталды. Арасында бір жігіт қатты ұнап қалды. Менен 5 жасқа үлкен екен. Әңгімелесіп, арасында билеп, жақсы отырдық. Ойы, бойы бәрі мен ойлағандай болғанымен ақшасы тым көп емес. Тұрмысы орта жігіт. Бірақ сонда да «ақшаң жоқ» деп кері бұрылмадым.
Қатты ұнады. Отырыс аяқталған соң мені үйге жеткізіп салды. Сол күні өзімді бақытты сезіндім. Ертеңіне жеке кездесуге шақырды. Мейлінше әдемі болып баруға тырыстым. Оның қолында неке жүзігі бар еді. Отбасылы адам екені артық сұрақ қоймай-ақ білініп тұрды. Бұл да маған кедергі болмады. Біз кездестік. Бар шындығын айтты. Әйелі бар екен. 2 жылдан бері қатты ауырады. Ортақ бір қыздары бар. Егер қаласам, өзін дәл осы қалпында қабылдауымды, ал қаламасам, бұл кездесуден кейін мүлдем көріспейтінімізді айтты.
Алғашында кездесуге келіспейтінімді айтқаныммен кейін келе қуанышты кезімде де, мұңайған сәтте де өзімді соның жанынан табатын болдым.
Біздің танысып, бірге жүргенімізге 6 айдай уақыт болса да ол әйелімен ажырасу жайында сөз қозғамады. Керісінше әйелі мен қызын тастамайтынын айтып жүретін. «Сонда мен сенің көңілдесің болуым керек пе?» деген сауалыма «Мен басында саған айттым, осы жағдайға келіскен өзің» деп жауап беретін.
Оған ренжігеніммен бәрібір одан кете алмадым. Мүмкін шын жақсы көргендіктен болар…
Бір жылдай уақыт өткен соң, ойламаған тұста жүкті болып қалдым. Оған бірден айтпадым. Ең алдымен әпкем мен құрбыма айттым. Олар онсыз да менің бұл әрекетімді құптамайтын. Бір күні өзім зардап шегетінімді айтып, үнемі ұрсатын. Әпкем екеуіміз тіпті жиі сөзге келіп қалатын едік.
Аяғым ауыр болған соң, мүлдем ашуланшақ болдым. Ешкімді тыңдамадым. «Жанашырларым маған жақсылық ойлап тұр-ау» деген ой басыма да кіріп шықпады. Бар ойым – жігітімді әйелінен ажырастыру еді. Өзімді сол адамға байланып қалғандай сезіндім. Онсыз өмір бос сияқты болды. Уақыт өткен сайын маған жиі келетін жігітім де келуін азайтты.
Көзім қарайып, ашуланшақ болып кеттім. Жүкті екенімді айтуға батылым жетпеді. Маған келген күннің өзінде әйелі хабарласса, қызы хабарласса бірден үйіне қайтатын.
Алғашында бәрі тамаша болғанымен арадан уақыт өткен сайын біз алыстап бара жатқандай сезілді. Мұның бәріне оның әйелін кінәладым.
Бір күні жігітіммен қатты ұрсып қалдық. Ашу үстінде оған аяғым ауыр екенін айтып, егер ажыраспаса мені де баласын да қайтып көрмейтінін жеткіздім. Баламыз болатынын айтсам да оның тарапынан қуаныш байқамадым. Бала жайлы ештеңе айтпады. Дәл осындай қызғаншақтығым жалғаса берсе, ара қатынасымыздың жақсы болмайтынын ескертті де есікті тарс жауып кетіп қалды.
Қатты қиналдым, сол ашумен барып, әйеліне: бір жылдан бері күйеуімен бірге екенімізді және біздің арамыздағы жалғыз кедергі сол екенін айттым. Ақылым басыма келгенде бәрі кеш еді. Ертесінде әйелі онымен ажырасуға шешім қабылдаған. Қатты ашуға басқан күйеуі маған келіп, өзін енді қайтып көрмейтінімді айтты.
Сонымен 2 аптадай хабарсыз кетті. Мен оны іздеп, кешірім сұрасам да елеген жоқ. Маған да ауыр тиді. Неше рет «баланы алдырып тастасам ба» деп ойландым. Бірақ мұндай қадамға бара алмадым. Бір күні әйелінің қайтыс болғанын естідім. Көңілім қатты түсті. Алайда енді маған келеді деп ойладым. Айтқанымдай арадан ай өтпей ол келді. Қатты қиналған.
Айтуынша әйелі мен оған бар шындықты айтқанда ажырасуға бекінгенімен кейін өзінің аз уақыты қалғанын сезіп, қызы үшін ажыраспапты.
Қызының есінде әкесі жақсы адам болып қалуын қалапты. Осының бәрін айтқан ол қатты жылады. Мен оның қиналған сәтінде тыныштық сыйлағым келді. Ол іздеген тыныштықты менің жанымнан табуын қаладым.
Жігітіме уақыт бердім. Бірден «үйлене қояйық» деп асықтырмадым. Бірақ «ішім біліне бастағанда не істеймін» деп те уайымдадым.
Ішім шықпай-ақ ішімдегі сәбиім мені тастап кете барды. Қыстың күні еді. Жұмыстан шығып келе жатқанымда аяғым тайып, қатты жығылдым. Ауруханаға барып, дәрігерлер қанша құтқарып қалғысы келсе де баладан айырылып қалдық. Мен сияқты ананы қаламаған болса керек. Мендегі нағыз ауыр қайғы сол сәттен басталды. Ненің жазасын өтеп жатқанымды білдім.
Ол әйел көз алдымнан кетпейді. Жылаған баланың дауысы да құлағымда. «Бес жасар кішкентай қызды анасыз қалдырдым» деп өзімді өте кінәлі сезіндім. Ең сорақасы – содан кейін бала көтере алмадым. Тұрмысқа да шықпадым.
Ол жігітпен де арамызда бәрі бітті. Басқа адамға үйленіп кетті. Екі ортада дымсыз қалған мен болдым.
Әлі күнге ауру әйелдің наласына қалғанымды сезем. Сол бір қателігімнің жазасын өтеп келем. Өте ауыр.
Нәзік жанды арулар, ешкімнің наласына қалмаңыздар. Кезінде әпкем мен құрбымның айтқанын тыңдап, ол адамнан аулақ жүргенімде бәрі басқаша болар ма еді? Бір-ақ бәрі кеш. Өткен іс орнына келмейді.
Мүмкін сол әйелдің ерте өмірден қоштасуына себепкер болған шығармын. Кішкентай қызының да көз жасы, әйелдің де қарғысы жібермеген шығар. Мұны түсінгенімде бәрі кеш болды.
Тағдырымды ешкім қайталамаса екен. Менің оқиғам біреуге сабақ болса екен».

Жанерке Хумар

«Оңтүстік Рабат», №11, 11 наурыз 2020 ж