Мақтааралдық кәсіпкер ауруханаға тыныс алу аппаратын алып берді

155

 

Еліміздегі Төтенше жағдай кезеңінде Мақтаарал ауданының кәсіпкерлері белсенділік танытып, ел үшін көптеген игі істерді атқаруда. Бүгін жергілікті кәсіпкер, «Астана Строй-Проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Аташов Данияр Серікбайұлы аудандық «Мырзакент» ауруханасына жедел медициналық қызмет көрсетуге арналған 2 жасанды тыныс алу аппаратын алып берді.

Оттегі концетраторы, оттегі маскасы, мұрын кануласынан тұратын медициналық аппараттар коронавирус індетіне шалдыққан науқас балаларды емдеуде таптырмайтын құралдардың бірі. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков пен аудандық «Мырзакент» ауруханасының бас дәрігері Берік Есімханов құрал-жабдықтарды ауруханаға жеткізіп берген кәсіпкердің ұлына алғыстарын білдіріп, осындай қиын кезеңде халқына сүйеніш бола білген кәсіпкер нағыз «бүгінгі күннің батыры» екенін атап өтті.

«Коронавирус инфекциясы асқынған жағдайда адамның өкпесіндегі тыныс алу жолдарын зақымдайды. Науқасқа оттегі жетіспей қиналады. Міне, осындай жағдайда тыныс алу аппаратының маңызы зор. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жасанды тыныс алу аппараттарының жетіспеушілігінен көптеген елдерде коронавирус індетінен қайтыс болушылардың саны артуда» – деді «Мырзакент» ауруханасының бас дәрігері Берік Нағашбекұлы.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында коронавирусқа шалдыққан 4 науқас тіркелген. Ауруханалар мен овсервациялық орталықта 56 адам карантинге алынған. Сондай-ақ, 120 адам үй карантинінде жатыр.

 

QAINAR KÓZМақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі