Шымкентте құрылыс тоқтамайды

174

Шымкентте төтенше жағдай кезінде құрылыс қарқыны төмендемейді. Қаладағы нысандарды аралап шыққан қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай дейді.

Мегаполис басшысы мердігерлерге қиын-қыстау кезеңде жұмыссыз жүрген азаматтарды құрылысқа тартуға шақырды. Ал салаға жауаптыларға жұмысшылардың денсаулығын жіті бақылауда тапсырды.

Індеттің ушығып тұрған кезінде билік өкілдеріне құрылыстың қарқынын сақтау оңайға соғып жатқан жоқ. Соған қарамастан әкімдіктегілер саладағы барлық мүмкіндікті пайдаланып жоспардағы нысандарды өндірістік кестеге сай тапсырудың қамына кіріскен.

Шаһар басшысы алдымен 16 қабатты «Француз» стиліндегі 4 үйдің құрылысымен танысты. Қазір мұнда құрылысшылар әрлеу, үйдің қас беттерін қаптау жұмыстарын қатар жүргізіп жатыр. Алайда, мердігерлер жұмысшылардың жетіспей жатқандығын жасырмайды. «Қала аумағында карантин жариялануына байланысты аудандардан қатынайтын құрылысшылар жұмысқа шыға алмай жатыр» дейді компания өкілдері.

Айта кетейік, жыл соңына дейін «Шысмити» шағынауданынан 1048 пәтерлі 16 кредиттік тұрғын үй пайдалануға берілмек. Қазір қалада бас-аяғы 252 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 107 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі дейді жауаптылар. Бұдан бөлек, нарықтан 700-ге жуық арендалық пәтер сатылып алынады екен. Құрылыстың осы қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырған шаһар басшысы жұмысшылардың қауіпсіздігіне ден қою қажеттігін де ескерді.

Нысандарды аралап көрген қала әкімі «құрылыс материалдарын тасымалдайтын көліктерге қалада қатынауына ешқандай кедергі болмауы керек» деді. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыс заттарын сататын дүкендер мен қоймалардың жұмысына да шектеулерді қатаңдатпау қажеттігін тапсырды.

Мақпал Рысбаева