75 жылдыққа арналған мерекелік төлемнің мөлшері сессияда бекітілді

169

Шымкентте Жеңістің 75 жылдығына орай бір жолғы мерекелік төлемдерге бюджеттен 85 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді.

Ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінен бөлек төлемдер қай санаттағы азаматтарға қарастырылғаны келесі сюжетте.

Шымкентте ҰОС-ның 40 ардагері 1 млн. теңгеден алады. Бұл жөнінде Қаулы маслихаттың кезектен тыс 64 сессиясында бекітілді.

Айта кету керек, бұл сессия онлайн режимінде өтті. Алайда мәслихаттағылар кезекті жиынның онлайн көрсетілімін ұйымдастыруды ұмыт қалдырған секілді. Сондықтан журналистер халық қалаулыларының үйлерінен шықпай дауыс бергенін көре алмады. Неге екені белісіз, сессия болған күні арнамыздың түсіру тобын мәслихат ғимаратының босағасынан аттатпады.

Қалалық мәслихат хатшысы болса, түсіру тобының жиынға неліктен қатыса алмағанына таң қалып отыр. Тіпті бұған дейін тілшілер қауымының сессия мен тұрақты комиссия отырыстарына жиі айқай-шумен қатысып келгенінен де хабарсыз болып шықты. Сөзіне сенсек, БАҚ өкілдеріне маслихаттың есігі әрдайым ашық көрінеді.

Ғани Ташқараев, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы: «Сессия қашықтықта  өтті. Ешқандай проблема жоқ. Маған  қоңырау шалмадыңыз ба, телефон номірін біледі екенсіз, кіргізетін еді ғой…  Депутаттар «Мерекелік әлеуметтік төлемдер» мәселесін қарады. Ол бойынша шешімді депутаттар бірауыздан қолдады. Қазір өздеріңізге мәлім, Шымкент қаласында 40  ҰОС ардагері қалған. Олардың барлығына 1 млн. теңгеден есеп-шоттарына аударылады».

Сонымен, белгісіз себептермен халыққа ашық болмаған сессия отырысының қорытындысына сәйкес, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында бір реттік қаржылай көмек көлеміне тоқталсақ:

Тыл ардагерінің әрбіріне – 33 336 теңге;

ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендерге – 100 000 теңге;

Қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, жарақат алуы салдарынан не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған бұрынғы КСРО мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдарының басқа некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) – 33 336 теңге;

Қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің басқа некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулеріне) – 33 336 теңге;

Ленинград қаласын қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен, «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған азаматтарға – 63 894 теңге;

Бұрынғы КСРО қорғау кезінде жаралануына, контузия алуына, жарақат алуы немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған әскери қызметшілерге – 105 564 теңгеден (барлығы 36,5 млн.теңге) беріледі.

Шынар Оразова