Елімізде ең үздік ауыл әкімі анықталады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсын жариялайды.

Байқау 25 мамырда басталып, екі негізгі кезеңде өтеді. Алдымен үміткерлер өңірлік деңгейде бақ сынасады, бұл кезеңнен өткендер республикалық деңгейге жолдама алады. Байқау нәтижелері 2020 жылдың қыркүйек айында белгілі болады. Конкурс өткізу барысында халықтың пікірі ескеріледі.

Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап облыс әкімдіктерінің ресми сайттарында жергілікті әкімнің тиімді жұмыс істеуіне халықтың қанағаттануын бағалау үшін сауалнама орналастырылатын болады. Сауалнамаға азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек және қолдау көрсету, халықты жұмыспен қамту мен жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті қоғамдастықпен өзара іс-қимыл және т. б. сияқты бірқатар бағалау критерийі кіреді.

Сонымен қатар, әрбір өңірдің Әдеп жөніндегі уәкілдері үміткерлердің мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы мәселелері бойынша анонимдік сауалнама жүргізетін болады. Сауалнама нәтижелері конкурстық комиссияның әрбір ауыл әкімін объективті бағалауға мүмкіндік береді дейді агенттік өкілдері.

Мақпал Рысбаева