Мектепке өз аяғымен барып, табытпен келген оқушының өлімі жұмбақ күйінде қалды. Қайғылы жағдай осыдан 3 ай бұрын Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында орын алған еді. Білім ұясының ауласында болған жасөспірімдер төбелесінен 8-сынып оқушысы ажал құшқан болатын. Бірақ, арада қанша уақыт өтсе де жағдайдың ақ-қарасы анықталмапты. Осыған ашынған ата-ана әділдік таппай сандалып жүргенін айтады.

Ғабиден Батырхановтың ұлы осыдан үш ай бұрын мектепке өз аяғымен кетіп, табытпен оралған. Сөзінше, сабақтан соң үйіне қайтып келе жатқан баласына аулада құрдастары әлімжеттік көрсетіпті. Кесірінен 8-сынып оқушысы тіл тартпай кеткен. Ал, қылмыстық оқиға жабулы күйінде қалыпты.

Созбаққа салынған тергеуден соң ақыры кінәлі табылыпты. Ол марқұмның 15 жастағы сыныптасы. Осыдан кейінгі сотқа дейінгі тергеу жұмыстары да басталған. Алайда, қылмыстық іске қатысы бар бозбала босап кетіпті.

Әділдік іздеген әке аудандық, облыстық прокуратураға да арыз тастаған. Алайда, араша сұраған оған осы күнге дейін жауап келмеген. Облыстық полиция департаментінің сөзінше бұл іспен Қазығұрт аудандық прокуратурасы айналысып жатыр екен.

Баласының өліміне кінәліні жазасыз қалды деп жанұшырған ата-ана қылмыстың істе шикіліктің көптігіне сенімді. Сол үшін олар 104-ші баппен басталған сотқа дейінгі тергеудің қайта қаралуын қалайды.

Назерке Үкібасова