Төтенше жағдай режимінің аяқталуына байланысты елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылған шекті баға алынып тасталды.

Бірақ Шымкентте баға тұрақты. Яғни, әкімдік бекіткен әлеуметтік маңызы бар 11 азық-түлік бағасы бақылауда.

Шымкенттегі базарлардың көкөніс қатарларында сауда қызып тұр. Әсіресе келісі 160 теңгелік картоп пен 120 -150 теңгеден босатылып жатқан пиязға сұраныс жоғары. Ерте піскен ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға әр қилы. Оны сатып алушылар да аңғарған.
«Баға сіздер түсіріп жатқан соң арзан ба? Бірақ төтенше жағдайға дейін арзан еді, қазір көтерілген», дейді  «Ынтыма»қ шағынауданының тұрғыны  Қайрат Ырыскелді.

Базар басшылығы қала әкімдігі белгілеп берген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы үнемі бақылауда дейді. Айтуынша, қостанайлық 1 сұрыптағы ұнның келісі 136 теңгеден. Күріш 270, құмшекердің келісі 186 теңгеден сатылуда.

Әлеуметтік маңызы бар 11 тауарды бекітілген бағамен сату жөнінде Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімге тұрған шаһардағы ірі сауда орындары да өз міндеттерін орындауда. Бірінші сұрыптағы ұн белгіленген 147 теңгеден, бөлке наны 75 теңгеден саудалануда. Тізімде макарон өнімдері , күріш, құмшекер мен өсімдік майы да бар.

Азамат Серікбаев, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясындағы тұрақтандыру қорын басқару департаментінің директоры: «Төтенше жағдай режимінің 11 мамырда аяқталуына байланысты министрліктердің бірлескен бұйрығының күші жойылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылған шекті баға алынып тасталды. Алайда , біз өз тарапымыздан әлеуметтік маңызы бар 11 тауардың бағасы шарықтап кетпеуін қадағалап тұрамыз. Мәселен қанттың бір келісін 195 теңгеден асырмау үшін «Фиркан», «Магнум», «Шахан», «Баянсұлу», «Грамад» сауда нүктелерімен меморандум түзілген болатын».

Тұрақтандыру қорымен 1,3 млрд. теңгеге әлеуметтік маңызы бар өнімдер сатып алынған болатын. Бұдан бөлек базарлардың жанында жылжымалы сауда нүктелерінде ауыл шаруашылығы өнімдері белгіленген бағамен сатылуда.

«Бізде картоп 150, ал  базарда  180 теңгеден. Бізде арзан пияз 150 теңге, ал сәбіз 120 теңге» , – дейді  сатушы Берік Әмзеленов.

Нәпақасын саудадан тауып отырған тұрғын тауарын әкімдік бекіткен шекті бағадан асырмаймыз дейді. Тек өзі емес, қаладағы бүкіл базарларда тізімге енген азық-түлік құнын арттыруға болмайды.

Қайрат Базарқұлов, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустиралды-инновациялық даму басқармасының өкілі: «Ереже бар. Егерде  әлеуметтік маңызы бар  тауарларға бекітілген бағадан  қымбат сатса, онда  ҚР Әкімшілік кодексінің 202 бабы бойынша жауапқа тартылады».

Тұрақтандыру қорының тізіміне енген азық-түліктердің шекті бағасына тоқталсақ:

 

ӨНІМ               ШЕКТІ БАҒА               «ГРАМАД» СҮ          Базардағы баға (тг)

ұн (1-) сұрып       147 тг                        147 тг                        136 тг
күріш                   361 тг                         361 тг                       270 тг
макарон
өнімдері               272 тг                         208 тг                        210 тг
өсімдік майы         427 тг                         368                    400 -420 тг
қалыпты нан          75 тг                            69                           75 тг
қарақұмық            299 тг                          218                         400 тг
құмшекер             194 тг                          185                         186 тг
картоп                 111 тг                           105                    100-160 тг
пияз                    114 тг                           114                    120-150 тг
сәбіз                   120 тг                            120                    130-150 тг

Айта кетейік, шаһарда азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында 50 тауар өндіруші кәсіпорын, 18 қойма және 25 сауда нысанға зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде қала аумағында 38,7 мың тонна әлеуметтік азық-түлік тауарларының қоры бар. Жауаптылар қалада азық-түлік тауарлары тапшылығы қауіпі жоқ екендігін алға тартуда.

Шынар Оразова