Түркістан облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және ПД-нің аудандық құрылымдарының полицейлері 2020 жылдың 4 айдан астам уақыт аралығында 153 есірткіге байланысты жайттарды анықтады.

Оның ішінде 63-і есірткі қылмысы болса, 90-ы теріс қылықтар және Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабында «автокөлік құралын есірткілік мас халде басқару» көзделген есірткі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 9 азамат жауапкершілікке тартылды.

Осы мерзімде есірткі сатуды кәсіп еткен 21, есірткі өсімдігін заңсыз егумен айналысқан 6, аса ірі көлемде есірткі сақтаған 3 азамат құрықталды. Заңсыз айналымнан 20 кг жуық түрлі есірткі заттары және 5500-нан астам есірткі өсімдіктері тәркіленді. Одан бөлек, Түркістан облысы аумағында оқушылар мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған орта, арнайы орта және жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері арасында 22 профилактикалық іс-шаралар өткізілген.

Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың аналогтары және улы заттардың заңсыз айналымы қылмыстарын анықтау, алды алу мен жолын кесу мақсатында, жыл басынан «Допинг» және «Паутина» жедел-профилактикалық іс-шараларының 1 кезеңі өткізілді.