Түркістан облысына қарасты Түлкібас аудандық полиция басқармасы ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Гүлмира Құрбанова елгезек жан. Өз ісіне жауапты әрі ізденімпаз.
Ол 1978 жылы Ақсукент ауылында дүниеге келген. Отбасындағы 5 баланың екіншісі. Гүлмира жаны нәзік болса да қайсарлықты, тура айтуды ұнатты. Тәртіпке қатал болуға дағдыланды. Кішкентайынан атасы Ғуламтайға еліктеп, полиция болуды армандаған.
Атасы аудандық ішкі істер органдарында қызмет атқарып, майор шенімен отставкаға шыққан. Гүлмира Қарасу ауылындағы №14 Орджоникидзе атындағы орта мектептің 11 сыныбын тәмамдап, 2002 жылы Шымкент қаласындағы Ашық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Алдымен отбасын құрып, бала тәрбиесімен айналысып, 2007 жылы аудандық ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөліміне кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы лауазымына тағайындалады. 2016 жылдан бастап ювеналды полиция тобының бастығы қызметін атқаруда. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алуда атқарып жатқан еңбегі ерен.
Жұмыста зор көрсеткіштерге жеткен. Полицейлер арасында өтетін спорттық жарыс-тарда жүлделі орындарға ие болған. Оның ішінде пистолет, мылтық ату бойынша 2-орын, әйелдер арасындағы волейболдан 2-орын алған. Талай құзырлы органдардың Алғыс хаттарына ие болған. «Қазақстан полициясына 25 жыл», «Қылмыстық іздестіру қызметіне 100 жыл» және «Сайрам ауданының 90 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
Отбасында 2 ұл мен 1 қызы бар. Қызы Алматыдағы халықаралық бизнес университетінің 1-курс студенті, ұлдары мектепте оқиды. Өмірлік жолдасы жеке кәсіпкер. Гүлдей жайнаған әріптесімнің арманы орындалып, алдағы мақсаттарға қол созғанына қуанамын. Әрбір істің көзін білетін Гүлмираға қуанышты сәтің көп болсын деймін.
Г.ЕСБОЛ
«Мәртөбе» газеті