Шымкентте көшелердің бірінде екі баланың анасын соққыға жығып, зорлаған. Жантүршіктірер бұл ақпарат «Не молчи» қоғамдық қорының әлеуметтік желідегі парақшасында пайда болды. Ондағы мәліметте келіншекті бәзбіреулер өлімші етіп ұрып кеткені жазылған. Жауыздар күш көрсетіп қана қоймай, қорғансыз жанды өлтіруге де оқталғандай дейді белсенділер.

«Не молчи» қоғамдық қоры: «Оның түрін танып болмайды. Бұл жағдайды көрген күйеуі мен балалары жағаларын ұстап отыр. Жәбірленушінің жолдасы егер әйелі қайтыс болған болса, оны тек қана денесіндегі қалы мен киімдері арқылы тануға болатынын айтқан. Зардап шегушінің өзі де ауыр шок алған. Алғашқы күндері ол қорыққаннан қылмыс фактілерін жоққа шығарып, тіс жарып ештеңе айтпады. Және әлі күнге дейін жауап бермеді».

Ал, таяқ астында қалған келіншектің туысы жаудың сырттан келмегенін айтады. Сөзінше оқиға болған күні жәбірленуші әжесінің үйіне шыққан. Кешкі тоғыз жарымдар шамасында үйіне қайтып келе жатқанда таныстарын көріп қалыпты. Амандық-саулық сұраған бойда тап беріп, соққыға жығыпты. Жерге сол құлағаннан таңғы жетіде бір-ақ есін жиған дейді жәбірленушінің жақындары.

Жәбірленушінің туысы: «Оны отбасы таңға дейін іздеп, күтіп отырған. Есін жиса, қорлық көрсеткен екі азамат бетін бұталармен жауып тастаған екен. Әр үйді жағалап, әйтеуір үйіне жеткен. Ол ешкімге жамандық ойламайтын адам. Айтуынша, оны целофанмен тұншықтырған. Оқиға орнына барып көргенімізде, қанға боялған целофанды таптық. Соған қарағанда өлтірдік деп ойлаған болуы керек».

Айта кетейік, жаға ұстатарлық жағдай 26 мамыр күні орын алған. Көпшілікке енді ғана жарияланған ақпараттан қалалық полиция департаменті хабардар. Қазір бұл жағдай бас полицейдің жеке назарында. Аталған іске қатысты құзырлы органнан ресми мәлімет алу үшін полиция департаментіне сұраныс хат жолдадық. Алайда департаменттегілер прокуратураның рұқсатынсыз ешбір мәлімет бере алмайтынын жеткізді.

Айдың күннің аманында көшеде қорланған келіншек қазір ауруханада жатыр. Есін жиғанымен, өздігінен тамақ іше алмайды. Ендігі жерде жәбірленуші әйелдің туыстары қылмыстық іс бүкпесіз қаралып, кінәлілер тиісті жазаларын алсын деп бекініп отыр.

Назерке Үкібасова