Коронавирус инфекциясын жұқтырған нәрестенің жүрегіне ота жасалды. Туғанына небәрі 11 күн болған сәби Түркістан облыстық балалар ауруханасына Сайрам ауданынан ауыр халде жеткізілген.

Шақалақтың дене қызуы көтеріліп, ентігу белгілері байқалған. Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылады. Жүргізілген диагностикалық зерттеулер нәрестенің туа бітті жүрек ақауы барын анықтаған. Жүрек қалқасының тарылуынан бала өміріне қауіп төнді дейді дәрігерлер. Оған қоса жаңа туған сәбидің пневмония мен коронавирус инфекциясына шалдыққаны анықталған.

Білікті дәрігерлер аса маңызды шешім қабылдап, шұғыл түрде ота жасауға бел буыпты. Екі сағатқа созылған операция сәтті өтті. Бала аман дейді ақ халаттылар. Отадан кейін бірден қан жүріп, қан қысымы реттелген. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін дәрігерлер операцияны арнайы ота залында емес, дәл жансақтау бөлімінде жүргізген. Сәби әлі де сол жерде ем қабылдауда.

Мақпал Рысбаева