Тұрғындар жол азабын тартып жүр

197

«Көшемізге жедел жәрдем қызметінің көліктері кірмейді». «Ақжайық» шағынауданы Ибрагим қожа көшесінің тұрғындары осылай дейді. Арнамызға арыздана хабарласқан тұрғындар осыған дейін билік өкілдеріне жазбаша да, ауызша түрде де шағымданған.

«Алайда, әлі күнге дейін қайран жоқ» деп шағынады халық. Жол азабын тартқан ақжайықтықтардың жанайқайын жайлы айтсақ…

«Қыста лай-батпақ кешіп, жазда шаң қауып, жол азабын тартып жүрміз». Осылай деп наразы болған Шымкенттегі Ақжайық шағынауданының тұрғындары осыған дейін шағал тасты да өз күштерімен төсеп алғандарын айтады. Алайда осыдан бірер жыл бұрын төселген тас жолдың да қазір тоз-тозы шығып жатыр.

Басы ауырып, балтыры сыздаған шымкенттіктер жедел жәрдем қызметіне де жүгіне алмайды екен. Көшедегі тұрғындардың алды мұнда 10-15 жылдан бері тұрып келеді. Жол азабын әсіресе оқушылар тартып жатыр дейді халық. Жауынды-шашынды күндері шәкірттер белуардан лайға түсіп, әбден әбігер болады екен.

Шолпан Рыскеева, тұрғын: «Оқушылар мектепке лайға батып әрең жетеді. Бастауыш сыныптағылар тіпті құлап, үстерін малмандай етеді. Әкімдікке де барғанбыз, қайыр жоқ».

Ақжайық көшесінде биыл 5 көше жөнделіпті. Ал Ибрагим қожа көшесін жөндеуге әлі ұсыныс та берілмеген. Мұнда канализациялық жүйелердің құрылысы аяқталған. Жөндеу жұмыстары алдағы жылы атқарылады дейді салаға жауаптылар.

Абай Тұрханов, Шымкент қаласы ЖК және АЖ басқармасы басшысының орынбасары: «Бұл көшені жөндеу 2021 жылдың жоспарына енгізіледі. Қазір кәріз жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Барлық үйлер кәрізге толық қосылған соң жұмыстар басталады».

Тақтайдай асфальт жол бұл тұрғындар үшін жылдар бойы арман болып келеді. Дегенмен, жергілікті халыққа келер жылға дейін өздері асарлатып төсеп алған тас жолды місе тұтуына тура келмек.

Мақпал Рысбаева