Жаяу жүргіншілер жолы ма, өлім өткелі ме?

334

Қайғылы жағдай кеше кешкі 22:00 шамасында Темірлан тас жолында орын алды. Куәгерлер сөзінше жарысып келе жатқан 3 көліктің бірі жаяу жүргіншілер жолынан өтпек болған велосипедшіні соғып кеткен. Бар сұмдық мұнымен бітпейді. Көргендердің айтуынша, жолдан өтпек болған азамат бірнеше метрге ұшып, оқиға орнында көз жұмыпты.


Жанар Елдосова, қала тұрғыны: «Балалар мектепке кеткенде, келерде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Себебі не жағдай болар екен деп. Қолы бос ата-аналар жолға шығып, қарсы алып отырамыз. Кеше ғана түнде көшемізде жағдай болды. Кеше ғана түнде БМВ машинасы жаяу жүргіншіні қағып кетіп, табан астында өлім болды. Енді мұндай жағдайларды санап айта беретін болсақ, өте көп».


Тұрғындардың айтуынша, қайғылы жағдай Темірлан тас жолында алғаш рет орын алмаған. Сөздерінше, жаяу жүргіншілер жолынан өтемін деп көлік астында қалу мұнда қалыпты құбылысқа айналған. Мәселен, Бауыржан Әлішевтің ұлын зырғыған көлік осыдан 5 күн бұрын соғып кеткен. 1-сынып оқушысы қазір ауруханада жатыр.


Бауыржан ӘЛІШЕВ, қала тұрғыны: «Мына тұрған жүргіншілер жолында менің бірінші сынып оқитын баламды көлік қағып кетті. Бұлар жаяу жүргіншілер өтіп жатқанда екі машина жарысып келіп соққан. Балам қазір ауруханада жатыр. Аяғы сынған, басынан соққы алған. Екі күн болды мұрнынан қан тоқтамай жатыр. Бүйір тұсы көгеріп, гематома пайда болған. Қазір балаларым үйде, сабаққа бармайды ешқайсысы. Үлкендерін де жібермей қойдым».


Жаяу жүргіншілер жолының қорқынышты өткелге айналғанын айтқан тұрғындар енді қала әкімінен көмек күтеді. Сөздерінше, жиналған жұрт Абай ауданы әкімдігі мен депуттаттар уәдесін талай алған. Алайда, одан өзгерген ештеңе болмапты.


Назерке Дүтбай, қала тұрғыны: «Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мырзадан сұрайтынымыз «Сергек» қойсын, бағдаршам орнатсын. Алайда біздің арыз-шағымымызды қарап жатқан ешкім жоқ. «Қойып береміз, қойып береміз» деп кетеді. Одан ешқандай нәтиже көріп жатқан жоқпыз».

Айта кетейік, велосипедшіні қаққан көлік жүргізушісі оқиға орнынан тайып тұрған. Автомашинасының нөмірі мен құжаттарын қоса әкеткен оны қазір полицейлер іздеп жатыр. Осылай деген құзырлы орган өкілдері ол 2 қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылатынын айтты. Адам өлтіріп, қашқаны үшін ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Назерке Үкібасова