Қонаев даңғылы уақытша жабылады

229

Шымкентте тағы бір көлік жолайрығы салынады. Қаладағы жол қозғалысын реттеу үшін Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысына жолайрық түседі. Жалпы сметалық құны – 7 млрд теңге болатын жолайырық құрылысы биыл 15 қазанда басталып, 2021 жылдың желтоқсанында аяқталады. 3 кезеңнен тұрады. Құрылыс кезінде Д.Қонаев даңғылы жабылып, көлік көзғалысының бағыты өзгереді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді. Жаңа жолайырық құрылысы мен көлік қозғалысы қалай өзгеретінін біле жүріңіз.

 

Жолайырықты «Bazis Construction» ЖШС салады. Құрылысына көп қаржы бөлінген. Қаржының 80 пайызы компания есебіне аударылып қойған.
Бұған дейін Алматы қаласы Әл-Фараби даңғылы бойындағы жолайырықты салған компания бұл жолы да, сол нобайды пайдаланады екен.. Бір өзгешелігі пішінінде ғана болмақ. Алматыдағы жолайрық дөңгелек пішінде болса, Шымкенттегісі сопақша болып салынбақ. Жолайрықтың астыңғы бөлігі – Д.Қонаев, үстіңгі бөлігі Т.Рысқұлов көшесі болады.
Айта кетейік, Д.Қонаев даңғылы келешекте Ташкент бағытына шығатын екінші шығыс жолы болады. Дәл қазір аталған көшенің Түркістан көшесімен қиылысында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Мамандардың 1 кезеңдегі мақсаты – Қошқарата өзеніне дейінгі аралықты жыл соңына дейін аяқтап, қолданысқа беру. Сода кейінгі екінші кезеңде – «Ескі қала» арқылы автобекетке дейінгі аралықты қамтиды. Үшінші кезеңде – автобекеттен «Химфарм» зауыты маңындағы «Бадам» өзені көпіріне дейінгі аралық жөнделеді. «Бадам» өзенінен кейін «Сәуле» шағынауданы арқылы Ташкентке шығатын жолмен түйіседі
Қазір Шымкент қаласының Жер қатынастары басқармасы құрылыс белдеуіне түсетін 52 жер телімін мемлекет мұқтажына алу үшін қаулы жоба әзірлеп жатыр.
Жолайырық құрылысы кезінде барша қала тұрғындары мен қонақтарына әсер етер бір жағдай – жолайырық салынатын көшедегі көлік қозғалысына енгізілетін шектеулер болмақ.

– Құрылыс жұмыстары аяқталғанша автомобильдер мен қоғамдық көліктердің кедергісіз қозғалысы үшін барлық шаралар қолға алынады. Бұл дегеніміз – тиісті жол белгілері қойылып, қажетті сызбалар сызылады. Көшелер реттеледі. Көлік кептелісі туындамас үшін бірнеше көшені созып, пайдалануға береміз,- дейді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.

Сонымен, 15 қазанда басталатын құрылыс жұмыстарының 1 кезеңінде Д.Қонаев даңғылының бір жақ беті жабылады. Т.Рысқұловтан Жандосов көшесіне дейінгі («Royal» фитнес клубы маңы) аралық. Бәйдібек би даңғылын бетке алып Д.Қонаевпен төмен түсіп келе жатқан көліктер осы аралыққа дейін өз жолағымен қозғалып, содан кейін жолдың сол жағына ығысады. Демек, қарама-қарсы екі бағыттағы көліктер бір жолақпен қозғалып отырмақ.
Ескерту: Д.Қонаев-Жандосов көшелерінің қиылысында көліктердің солға бұрылуға және артқа жүруге тыйым салынады!

Жолайрық құрылысын жүргізу 3 кезеңді қамтиды.

1-кезең. Қонаев көшесіның шығысы, Рысқұлов көшесінің оңтүстігі (15.10.2020ж. – 31.12.2020ж):
– дайындық жұмыстары;
– жасыл желектерді кесу, қайта отырғызу жұмыстары;
– газ құбырын жылжыту, ауыстыру (978 м, ø500мм);
– су құбырын жылжыту, ауыстыру (1390 м, ø630-1000мм);
– бұрғылау жұмыстары (свай-75 дана, ø 1м);
– уақытша электр желісін орнату (ВЛ-110 кв.).
Бұл жұмыстар жыл соңына дейін созылады деп жоспарланып отыр.

Жол қозғалысын ұйымдастыру. 1-кезеңде Қонаев көшесінің шығысы «Royal» клубы тұсынан Рысқұлов көшесі аралығы жабылып, көлік қозғалысы Қонаев көшесінің батысындағы 4 жолақта 2 бағытты қарама-қарсы қозғалыс ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Дулати және Қазыбек би көшелеріне (Рысқұлов көшесі мен Тәуке хан даңғылы аралығы) бір бағытты қозғалыс ұйымдастырылады.
Бәйдібек би көшесімен келіп Д.Қонаев көшесімен орталыққа жүретін көліктер енді Дулати көшесімен, ал қарсы бағыттағылар жоғарыға көтерілу үшін Қазыбек би көшесімен қозғалады. Бұл бағыт қоғамдық көліктерге де қатысты.
Осы ретте айта кетейік, Бәйдібек би даңғылы тәулігіне 35 мың көлікті өткізуге қауқарлы. Ал қазір ол көше арқылы жүретін көлік саны тәулігіне – 70 мыңнан асып отыр.
Ал Т.Рысқұлов пен Тәуке хан көшесіне дейінгі аралықта көліктер, бір жолақпен екі бағытта қозғалады.
Бұл кезеңде Т.Рысқұлов көшесі жабылмайды, қозғалыс шектелмейді.

2-кезең. Қонаев көшесінде құрылыс жұмыстарын жүргізу (15.01.2021ж.- 01.07.2021ж.):
– жол жабынан бұзу жұмыстары;
– газ құбырын жылжыту, ауыстыру (1,24 км, ø273мм);
– жерасты байланыс желілерін ауыстыру (1,24 км);
– су құбырын жылжыту, ауыстыру (1,1 км, ø920-1000мм);
– тоннелді қазу жұмыстары
– электр желісін ауыстыру (ЛЭП-6 кВ, 6,08км)

Жол қозғалысын ұйымдастыру. 2-кезеңде Қонаев даңғылы «Royal» клубы тұсынан Рысқұлов көшесіне дейін және Бәйдібек би даңғылы Рысқұлов көшесінен Дулати көшесіне дейін жабылады. Бұл аралықта тұтастай құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Рысқұлов көшесі әдеттегідей ашық болады. Осыған қосымша, Баян ауыл көшесіне Бәйдібек би даңғылынан Рысқұлов көшесіне дейін бір бағытты қозғалыс ұйымдастырылады. Нәтижесінде, Д.Қонаев көшесінің Жандосов көшесімен қиылысқан тұсы мен Бәйдібек би көшесіне дейінгі аралық толығымен жабылады.
Осы аралықтың жабылуы көлік кептелісін туындатады. Сондықтан да, көліктер 1 кезеңдегідей Дулати және Қазыбек би көшелерінде біржақты қозғала бермек.
Бұдан бөлек Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысын реттеу мақсатында «Қазыбек» базарына жетпей оң жақ тараптағы «Баян ауыл» көшесі пайданылмақ. Аталған көшедегі көлік бағыты шеттеліп, біржақты болады. Бұл өз кезегінде қаланың орталығына бет алған көлік нөпірін азайтуға септігін тигізеді. Қаланың шығыс бөлігіне бет алған көліктер – Дулати көшесімен, ал батысына баратындар «Баянауыл» көшесімен Т.Рысқұловқа шығады.
Бұдан бөлек Д.Қонаев даңғылындағы көлік нөпірін азайтуға Байзақұлы көшесінің септігі тиеді. Аталған көше Д.Қонаев даңғылына параллель жатқан Шаймерденов көшелерін жалғайды. Бұған дейін бұл көшенің Д.Қонаев даңылындағы тұсы тұйықталған еді. Енді мамандар бұл көшені созып, Д.Қонаев даңғылына жалғамақ. Осылайша оң тарапқа жүретін көліктердің қозғалысына жол ашады. Көліктер Д.Қонаев даңғылынан Шаймерденов көшесіне түсіп, қозғалады. Бұл бағыт бір жақты қозғалысқа арналады.

3-кезең. Рысқұлов көшесінде құрылыс жұмыстарын жүргізу (01.07.2021ж.-31.12.2021ж.):
– жол жабынан бұзу жұмыстары;
– 2 жол өткелінің (путепровод) құрылысы;
– жер қазу жұмыстары (129 мың м3);
– свай орнату (ø1м, тереңдігі 34м, 48 дана);
– тіреу қабырғаларын бетондау (подпорные стены);
– арықтар салу;
– жол жабынын салу;
– жол белгілерін орнату.
Жол қозғалысын ұйымдастыру. 3-кезеңде Рысқұлов көшесінде жол қозғалысы толықтай жабылмайды. Жартылай жабу әдісімен ұйымдастырылады. Яғни Рысқұлов көшесі бойында қарама қарсы бағыттағы көлік қозғалысы жұмыс жасайды.
Бірақ ең ауқымды жұмыстар (ұзындығы 540 м тоннел) Қонаев көшесінде болғандықтан Қонаев даңғылы Роял клубы тұсынан Рысқұлов көшесіне дейін және Бәйдібек би даңғылы Рысқұлов көшесінен Дулати көшесіне дейін жабық болады.

А.Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №41, 8 қазан 2020 ж