ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Сапалы жол» жобасы аясында бүгінде нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Жол сапасы жоғары болуы үшін алдын алу жұмыстары өз жемісін беруде. Күні кеше жоба аясында Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының автокөлік жолдарына кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді.

Бұл жобаның басты мақсаты да сол – жол сапасының жоғары болуын қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық кұқықбұзушылықтарының алдын алу болып табылады. Ал ең бастысы бюджет қаражатына салынған жолдарға тұрғындар тарапынан қоғамдық бақылауды күшейту.

Жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстарына Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Б.Төребеков, аудандық Арнайы мониторингтік топ мүшелері және облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» РМК мамандары мен жауапты мердігер компанияның басшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Мониторинг барысында ауданға қарасты Жаңа жол, Өргебас, Фирдоуси ауылдық окургтерінде бюджет қаржысы есебінен салынған жаңа жолдардың құрамы мен стандарты сараланып, жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы асфальт бетон жамылғысынан сынамалар алынды.

Жүргізілген мониторингтік жұмыстар барысында асфальт бетон жамылғыларының беткі жағының бұзылуы мен жол төселімінің қалыңдығы біркелкі еместігі, сондай-ақ шөп өсу деректері анықталды.

Бірқатар кемшіліктерді анықтаған мамандар мердігер мекеменің жұмысынан белгілі болған кемшіліктер бойынша акт түзіп, қайта жөндеуден өткізуге бірқатар ұсыныстар берді.

Айта кетсек, алдағы уақытта да Түркістан облысына қарасты барлық қала, аудандардың жолдары жиі бақылауға алынып, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жылжымалы жол зертханалық көліктері арқылы тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.