Бүгінде Шымкентте 28 тұрғын үйге модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы қалалық тұрғын үй басқармасының өкілдері мәлімдеді.

Жөндеу жұмыстарына 20 – дан астам құрылыс компаниясы жұмылдырылып отыр. Бұл мақсатқа 1 жарым млрд теңге қаралған. Арна тілшілері бүгін осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Шымкенттегі Байтұрсынов көшесі бойындағы бұл үйлер өткен ғасырдың 60 жылдары салынған. Содан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмеген. Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында биыл баспананың шатыры ауыстырылып, қасбеті жаңалануда.

Валентина ТУРУТИНА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үйдің шатырынан су ақпайды. Материалдары толық ауыстырылды. Құрылысшылар таң азанмен келіп, мұқият жасайды. Бізбен, тұрғындармен кеңеседі. Әзірге ешқандай проблема жоқ».

Қаладағы Н.Төреқұлов көшесіндегі мына қос қабатты тұрғын үйлер де жуырда жөнделді. Шатыры мен қасбеті, ирригациялық жүйелері ауыстырылған. Осыған дейін қала көркін қашырып тұрған жұпыны үйде тұрып келген тұрғындар құрылыс жұмыстарына дән риза.

Қазір қалада 28 тұрғын үй жаңғыртылуда. Жөндеу жұмыстарына 3 жыл кепілдік мерзім беріліп отыр. Осы уақыт аралығында мердігерлер құрылыста кеткен кемшіліктерді ретке келтіруі тиіс.

Абылайхан БАЛЫҚБАЕВ, Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары: «Бұл бағдарламаның ерекшелігі – құрылыс компаниясын тұрғындар өздері таңдайды. Тұрғындардың өтініші бойынша үйлердің шатыры, қасбеті, қажет болған жағдайда ирригациялық жүйелері жаңаланады».

Айта кетейік, жыл аяғына дейін қалада тозығы жеткен көп қабатты 56 тұрғын үй жөнделеді. Бұл мақсатқа 1 жарым млрд теңге қаралған. Жөндеу жұмыстарына 20-дан астам құрылыс компаниясы жұмылдырылып отыр. Күрделі жөндеуге келісім берген тұрғындар құрылыс шығынын 15 жыл ішінде бөліп төлеуге міндеттеледі.

Мақпал Рысбаева