Шымкентте «Ақылды аялдама» жобасы жүзеге асырылады

137

Шымкент қаласында цифрландыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде қоғамдық көлік саласына ақпараттық-технологиялық жүйелерді енгізу – басым бағыттардың бірі.

Басқарма басшысы Әсет Маратұлының айтуынша, пилоттық режимде Тәуке хан даңғылының 3 қиылысында (Қазыбек би, Тәшенов және Дулати көшелерінің қиылысы) жол қозғалысын реттейтін автоматтандырылған бағдаршамдар орнатылды.

Интеллектуалды көлік жүйесі нәтижесінде қалада қиылыстардағы көлік қозғалысы тиімділігі 42-48 %-ға артып, кептелістер санының азаюы, өткізу қабілеттілігінің жоғарылауы сынды оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Бүгінде аялдамаларда қоғамдық көлік қозғалысының уақыты, ағымдағы уақыт, ауа температурасы көрсетілген ақпараттық тақта орнату күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
Басқарма басшысының айтуынша, осы бағытта әр аялдамада ақпараттық тақта орнату, қоғамдық көліктің GPS трекерлерін 2GIS, Yandex, Open Shymkent қосымшаларымен біріктіру жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындарға қоғамдық көліктің жақындағаны туралы үнемі хабардар болуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, автобус жүргізушілерінің жұмыс кестесінің уақытысын қатаң сақтауына септігін тигізеді.

Басқарма мамандарының айтуынша, жобаны жыл соңына дейін жүзеге асыру жоспарлануда.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі