№2 көпсалалы аурухананың жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

94

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес қаладағы №2 көпсалалы ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Осыған орай қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Іргетасы 1975 жылы қаланған бұл ауруханада осы жылға дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ұзақ жылдар Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің балансында болған. 2018 жылдан бастап, Шымкент қаласы әкімінің қаулысымен денсаулық сақтау басқармасына берілді. Қазіргі уақытта нысандағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Жөндеу жұмыстарымен және нысандағы құрылысшы мамандармен егжей-тегжей танысқан Мәулен Зарлықұлы мердігер мен жұмысты техникалық қадағалаушыға нысанды уақытынан кешіктірмей бітіруді және жұмыс сапасын жақсартуды тапсырды.
Аталған нысан «бас корпустан», «босану бөлімінен» және «емханадан» тұрады. Емханада орналасу бағыты бойынша 50 мың тұрғын тіркелген. Тәулігіне 700-ге жуық азамат дәрігерлерге қаралады. Босану бөлімі бұрын 2- ші деңгейлі перинаталдық көмек көрсетіп келген. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін, 3-ші деңгейлі перинаталдық көмек көрсететін босану бөлімі деңгейіне өткелі тұр.

Ауруханаға қазіргі жөндеу жұмыстары барысында ауыр медициналық құрал жабдықтар, атап айтқанда КТ аппараттары, заманауи рентген, ангеографиялық қондырғы және өзге де медициналық құралдар орналастырылуда. Нысанның бас корпусында 400 кісілік стационар (пандемия жағдайында) жұқпалы аурулар стандартына сай төсек-орынмен жабдықталып отыр. Басқа уақытта қалыпты жағдайда емделушілерге қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, мұнда жансақтау бөлімшесі үлкейіп, инсульттік орталық және нейрохирургиялық бөлімше ашылады.

Мердігер мекеме «Югстройсервис» ЖШС-і аурухананың жыл соңында пайдалануға берілетінін жеткізді.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі