Мал ұрлаған әскери қызметкерлер сот алдында жауап беруде

139
фото inform.kz

Шымкентте Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара жасағы мен әскери қызметкерге қатысты сот процесі басталды. Нұрсұлтан Ыдырысов пен Еламан Жорабеков топтасып мал ұрлады деген күдікке ілінген. Бірі Сарыағаштағы 2020 әскери бөлімінің Дархан шекара заставасында қызмет етсе, екіншісі Сарыағаш шекара қызметінің бақылаушысы болыпты.

Сапарғали ТЕМЕНҰЛЫ, прокурор: «Жол бойында тұрған жәбірленуші Зиябеков Нұралжанның құны 120 мың теңге тұратын бір бас ірі қара малын жымқыру мақсатында, қасында отырған Жорабеков екеуі ірі қара малды ұстап, көлікке салып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы бөтеннің малын жасырын жымқырып, жәбірленуші Зиябековке 120 мың теңге материалдық залал келтіріп, ұрланған малды сол күні 60 мың теңгеге бағалап сатып жіберген».

Прокурор Келес ауданындағы мал ұрлығының былтыр шілдеден басталғанын айтады. Және 22, 28 жастағы әскерилер бұл іске жалғыз бармады дейді. Айтуынша, 5 айға жалғасқан қылмысқа тағы 4 азаматтың қатысы бар. Сыбайластар Келес ауданында жайылып жүрген малды ғана емес, қорадағы ірі қараларды да қоймаған сыңайлы. Сот отырысында малым ұрланды деген жәбірленушілер де сөз алды.

Ибагүл ҚОҢЫРАТБАЕВА, жәбірленуші: «Иә, қайтарды. Кешірім бердім. Біздің де бала-шаға бар. Немерелер бар. Кешірдік қой. Бәрі бар иә».

Көрінген малды көлігіне тиеп әкетті деген күдіктілер осы уақытқа дейін 11 малды қолды қылған дейді прокурор. Олардың 7-і ірі қара, 3-і қой және 1-і жылқы. Жәбірленушілер сөзінше ұрланған малдың бәрі кері қайтарылған. Шығын 3 млн. 10 мың теңге болған екен. Алайда, шағымданушылар мал ұрлығының шілдеден басталмағанын айтады.

Айгүл ЖҮНІСОВА, жәбірленуші: «Алдыңғы ұрланған малдарымды осылардан көремін мен. Сол малдарымды өндіріп берсін. 2 жылқы, 1 сиырым жоғалған. Мен оларды кешірмеймін. Моральдық шығындарымның барлығын өтеп берсін. Сонда ғана кешіремін».

Егер күдіктілердің кінәсі анықталса, олар 5 жылдан 10 жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін. Айта кетейік, олар 188 баптың 3 бөлігі, 1,2 тармағы бойы айыпталып отыр.

Назерке Үкібасова